Ислам діні Араб түбегінде пайда болғаны дүйім жұртқа аян. 610 жылдан бастап дүниеге келген Ислам діні көптеген адамды бір тудың астына біріктіре бастады. Ұлты мен жынысының және нәсілінің ерекшеліктеріне қарамастан адамдардың барлығы Жаратушының алдында тең деген қағидамен бір топ хәліне келді.
Құдай тарапынан түсіп отырған Құран аяттары мен пайғамбардың ол аяттарға жасаған әрбір түсіндірмесі хадис мәтіндерінің арқасында адамдардың сенім жағынан бірігуі Әһлі Сүннет уәл Жамағат атты үлкен отбасының дүниеге келуіне әсер етті. Алайда уақыт өте келе, пайғамбар дүниеден озғаннан кейін, мұсылмандардың арасында көзқарастардың әралуандылығынан бөлінушілік пайда болды. Бұл бөлінушілікке адамдардың өскен ортасы мен психологиялық жағынан ерекшеліктері секілді себептер түрткі болды.
Түркі халқы әу бастан-ақ түрлі мәдениеттерді бастан өткерді. Көптеген ұлт пен өркениеттермен араласқанның нәтижесінде кірме сөздер де пайда болды. Солардың бірі «жамағат» сөзі. Қазіргі таңда «жамағат» ұғымы «Құранды бірлесіп үйрену, бір-біріне көмектесу, ортақ құлшылықтар мен рәсімдерді орындау мақсатында мұсылмандардың бірігуі» деп түсіндіріледі. Жамағат мұсылмандарды аумақтық қағидалар бойынша немесе олардың сенімдерін мойындау ерекшеліктеріне қарай біріктіре алады.
«Жамағат» сөзі айтылғанда Түркия елінің сопылық бағыттағы тариқаттардың ішіндегі топтар елестейді. Бұл топтардың бірі – Сүлейменшілер жамағаты. Жамағаттың негізін 1888 жылы Болгарияның тумасы Сүлеймен Хылми Тунахан қалайды. Сүлеймен Тунахан 1913 жылы Стамбулға көшіп келіп, Фатих Шах медресесіне оқуға түседі. Мұнда өз елінде алған шариғат заңдылықтары, фикх, тәпсір секілді классикалық білімін шыңдай түсіп, Құранды еркін оқуға және аударуға мүмкіндік алады. 1916 жылы Осман империясы мен одан тыс жерлердегі ең атақты Стамбул медреселерінің бірі – Хафиз Ахмет паша атындағы Сүлеймания медресесіне тәпсір мен хадистану бөліміне оқуға түсіп, 1919 жылы бітіріп шығады.
Сүлеймен Тунахан 1936 жылдан бастап рухани қызметін «мінсіз ұстаз» (муршид-и камиль) немесе сопылық шейхы ретінде бастады. 1939 жылдан бастап тариқаттың өзге де ізбасарлары секілді тұтқындалады. Алайда, бастан өткізген қиындықтарға қарамастан, бостандыққа шыққаннан кейін қайтадан шәкірттер тәрбиелеу жолын жалғастырады. Ислам пәндерін оқытқаны үшін 1944 жылы тағы да 8 тәулікке қамауға алынып, 1946 жылы оқытушылық қызметіне рұқсат беретін құқығынан айырылады. Дегенмен бұған қарамастан ұстаздық қызметін жалғастыра береді.
1952 жылы алғашқы ресми Құран курстары Стамбулдың Ускудар ауданында Хазырет Азиз Махмуд Худаи атындағы қырық күндік курс жанында ашылды. Францияның отаршыл үкіметіне қарсы күрес жүріп жатқан Алжирдегі мұсылман бауырлар үшін дұға етуге шақырғаны үшін Сүлейман Тунахан 1956 жылы полиция бөлімшесіне куәлік етуге шақырылды.
69 жасында шейх Бурсада тұтқындалып, 59 тәулікке Кутахия түрмесіне қамалды.
1959 жылы 16 қыркүйекте Сүлеймен Тунахан дүниеден өтті. Оның жұмысын күйеу баласы, үлкен қызы Кемал Хажардың күйеуі жалғастырды. Сүлеймания жамағатының көптеген қарт мүшелері Кемал Эфенди басқарған бұл кезең қауым үшін алтын уақыт болды деп мәлімдейді. Сүлейменшілердің Құран оқу курстары Түркияның барлық дерлік қаласында, сонымен қатар шетелде: Германияда, Францияда, Ресейде, Қазақстанда, АҚШ-та, Голландияда, Швецияда және т.б. пайда болды.
Шәкірттер (талебе) алдымен «Илмихал» (авторы Хасан Арыкан) кітабынан ислам шариғаты, фиқһ негіздерін меңгереді және жеделдетілген бағдарлама бойынша араб әліпбиін үйренеді. Содан кейін олар Құранды еркін оқу және оқылған аяттар мен сүрелерді түсіну үшін араб грамматикасының негіздерін үйрене бастайды. Сонымен бірге Құранды әдемі, қырағатпен, әуендетіп жаттайды және исламдық әдеп негіздерін түсінеді. Шәкірттер топтарға бөлінеді, олардың жасы әртүрлі болуы мүмкін: 10-нан 19-ға дейін, ұстазбен (ходжа) басқарылатын топта 8-12 адам. Теледидар көруге қатаң тыйым салынады, көбіне мұсылман арналары мен жаңалықтарды ғана көреді. Сүлейменшілер жамағаты бұқаралық ақпарат құралдарына, әсіресе зайырлы қоғамдық өмір қамтылған аймақтарға сыни көзқараспен қарайды. Кез келген музыканы тыңдау да оларда харам болып есептеледі.
Түркиялық жамағаттардың барлығы дерлік қай ел мен аймаққа барса, ең бірінші болып жатақхана мен оқу ордаларын ашуға тырысады. Онда шәкірт тәрбиелеп, олардың мұң-мұқтаждықтарын қанағаттандыруға тырысады. Осылайша ертеңгі күні олардан тәлім-тәрбие алған әрбір шәкірт айтқандарын істеуге дайын тұрады. Сонымен қатар ұстаздарының кітаптарын ғана оқу міндеттелген. Өткізілетін жиналыстарына сырттан адам қатыстырмайды, бұл олардың жабық бір жамағат екендігіне дәлел. Уағыз-насихаттарында көбіне өздерінің ғана дұрыс жолда жүргендері айтылады. Аталмыш жайттар ислам үмбетінің топ-топ болып бөлінуіне алып келіп, ертеңгі күні өмір сүріп жатқан еліне, одан кейін дәстүрі мен әдет-ғұрпына опасыздық жасайтын адамдардың шығуына әсер етеді.
Бекзат СЫЗДЫҚОВ,
Алматы орталық мешітінің наиб имамы