Биыл Қазақстанда қаңтар-маусым аралығында өзіне қол жұмсағандар саны артты. ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, 2020 жылы қаңтар-маусымда 1661 адам өзіне қол жұмсаған болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 1942-ге жетіп, 16,9%-ға көбейген.
2019 жылдың қаңтар-маусымында да суицид жасағандар саны биылғымен шамалас, 1952 болған.
2021 жылы қаңтар-маусымда өзіне қол жұмсағандардың 77,5%-ы ерлер. Дегенмен, 2021 жылы қаңтер-маусымда суицид жасаған әйелдер саны былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 37,4%-ға көбейген.
Сонымен бірге, 2021 жылы қаңтар-маусымда 2336 адам суицид жасамақшы болған. Оның 64,8%-ы ер адам. Статистика бойынша өзіне қол жұмсағандардың көбі 35-54 жастағы азаматтар екені анықталды.
Бас прокуратураның мәліметінше, биыл қаңтар-маусымда тіркелген суицид фактілерінің тек 3,4%-ына жалғыздық, 2,7%-ына материалдық жағдайлар (қарыз, банкрот), 2,2%-ына ауыр соматика аурулары себеп болған, 30,5%-ының себебі анықталмаған, 60,8%-ы басқа түрлі себептер екені көрсетілген.
Психолог Виталий Кузнецовтың айтуынша, статистиканың мұндай көрсеткіші, яғни процестің кері емес, өсім көрсетуі көңіл қуантады.
«Себебі қазір көпшілігі, тіпті ғылымның өзі статистикаға сенуден қалды. Себебі мұндай оқиға көбіне дұрыс есептелмей қалады. Мысалы, суицидке әрекет деп есептелетіндердің бәрі дерлік нақты пішіні көрсетілген, яғни өзіне қол жұмсаған адам нақты ізін қалдырып кетіп жатады. Ал кей оқиғалар көбіне жазатайым оқиға ретінде есептеліп кетеді», – деді психолог.
Ал ер адамдардың әйелдерге қарағанда суицидке жиі баруын психолог былай түсіндірді:
«Әйел мен ер тең жаратылса да, біздің қоғамда ерлерге артылатын жауапкершілік, ауыртпашылық көп. Әйелдер сезімі мен эмоциясын көз жасы арқылы, айқайлау арқылы, ұрсу арқылы шығарса, ер адамдарда сол эмоциясын көбіне ішіне жинайды. Шығарайын десе, қоғамдағы «ерлерге жылауға болмайды, проблемасын біреуге айтса, әлсіздігін білдіреді» деген сияқты стериотиптер қарсы болады. Сондықтан көбіне мұндай жағдайда қайғы-мұңның бәрі ішке жиналғанда міндетті түрде бір жолмен шығуы керек. Ал ерлерде кейбірін іштен тынып, суицидке жеткізсе, біреулерде ауруға айналады. Ол көбіне инфаркт, инсульт ауруларына айналып жатады», – дейді маман.
Виталий Кузнецовтың пікірінше, жалпы әлемде суицид жасаушылардың жыл санап артуына бір себеп – ақпараттық қысымның көбеюі.
«Әлемдік психотерапевтер қауымдастығының болжамынша, XXI ғасырдың бірінші жартысынан бері адамзаттың психикасы өзгеріске ұшырап, адамның психикасы ақпараттық қысымнан, ертеңге деген сенімсіздік, тұрақсыздық салдарынан қатты соққы алып жатыр», – дейді ол.