Астана. 23 ақпан. KAZISLAM – Бүгін Астанада ҚР ІІМ Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкі қызметкерлерінің қатысуымен «Өмір, сен маған қымбатсың» тақырыбында өткен семинарда республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб-имамы Бақытжан Өткелбаев суицидтен қайтыс болған адамдардың жаназасы туралы айтты.
«Бұрын қазақ даласында ақыл-есінен толық айырылып, бойын жын билеген адамнан басқа ешкім өз-өзіне қол жұмсамаған. Бірен-саран болды дегендердің өзін имам-молдаларымыз арулап, кебіндеп жерлемеген, жаназасын оқуға да тыйым салған. Төрт мәзһабтың ішінде де Орта Азия елдері ұстанатын Әбу Ханифа мәзһабының үкімі бойынша суицид құрбандарының жаназасы оқылмайды. Қалған мәзһабтарда жаназа намазын оқуға рұқсат бергені жөнінде арнайы себептері бар. Алайда, біздің бабаларымыз Әбу Ханифа мәзһабының ұстанымында болған. Бұл бір жағынан өсіп келе жатқан жастарға, қалың бұқараға сабақ болды. Яғни, қайтыс болған мұсылманның алдындағы тірілердің ең соңғы міндеттері – арулап, кебіндеп, жаназасын оқып жерлеу рәсімі жасалмаған өлімнен басқалар да жиренген»,-дейді ол.
Дәл осы кезде психолог Сұлушаш Сембаева исламтанушыға «Қазір неліктен суицидтен көз жұмғандардың жаназасы оқылып жүр?» деген заңды сұрақ қойды. Бұл сұраққа Б.Өткелбаев:
«Қазір суицидтің, әсіресе, жастар арасында көп болуы себепті олардың соңынан имамдарымыз жаназа намазын оқып жүр. Бұған ғалымдар рұқсат берді. Өйткені, суицид құрбандары тым көп болғандықтан оларға жаназа намазын оқымай қойсақ ел арасында түсініспеушілік туындап, дүрбелең болар еді»-деп жауап берді.