Суды, киімді, денені былғайтын ластықтарды дініміз бойынша нәжістер деп атаймыз. Бұлардың өзі ауыр нәжістер, жеңіл нәжістер болып бөлінеді. Ауыр нәжіске: спиртті ішімдіктердің барлық түрі, толығымен доңыз, адамның зәрі, нәжісі, қаны, жыныстық мүшесінен бөлінетін сұйықтықтар және ірің, иттің сілекейі және еті желінбейтін, жыртқыш жануарлардың зәрі, сілекейі, нәжістері, қаз, үйрек, тауықтардың саңғырықтары, өлексе жатады. Ал жеңіл нәжіске: еті желінетін жануарлардың зәрі, (Имам Әбу ханифаның көзқарасы бойынша олардың тезегі ауыр нәжіске жатады), еті желінбейтін құстардың саңғырықтары жатады. Көріп отырғанымыздай мұның ішінде адамның денесі жоқ. Адамның денесі нәжіске жатпайды. Сондықтан суға қолыңызды батырып көрсеңіз, ол су ластанбайды, дәретке де, ғұсылға да жарамды. Бірақ егер саусақтарыңызға жоғарыда аталған нәжістердің бірі жағылған болса, онда оны суға батырғанда міндетті түрде су нәжістенеді. Мұндай су дәретке, ғұсылға жарамсыз болады.