Сұрақ: Мен студентпін. Оқумен бірге саудамен айналыссам бола ма?
Жауап: Студенттің оқып жүріп, құрбыларының арасында немесе жатақханада тұрып қосымша сауда жасағанында еш әбестік жоқ. Пайғамбардың өзі де саудамен айналысқан. Оның қымбатты достары да дүниенің төрт бұрышына, құрлық арқылы да, теңіз арқылы да сауда мақсатында саяхат еткен. Бастысы сенің қосымша жасаған саудаң адал әрі негізгі оқуға зияны тимеуі тиіс.
Студенттің басты міндеті – білім алу. Келешекте білімді де білікті маман болу үшін университетте алған теориялық білімнің орны айрықша.
Ал енді қажеттілік туып, ата-анама қаржылай ауыртпалық салмаймын, өз қажеттерімді өзім өтеймін деген оймен сауда жасаймын деп шешсең, онда ол сенің құқығың. Бірақ, сауда жасауыма болады екен деп, пайыз жолымен ақша табудан, құмар ойнаудан немесе ойнатудан, алдап басқаларға зиян тигізуден аулақ болғайсың. Бұл сенің дін жағынан және мораль жағынан да, қоғам алдындағы жауапкершілік тарапынан жауапты міндетің.
Ал енді құрбыларың мұқтаж болып таба алмай жатқан дүниелерді (оқу құралдары, түрлі әдебиет, компьютер, т.б. мамандыққа байланысты заттарды) табуына көмек беріп, сатып жатсаң, онда бұл материялық табыс һәм сауап болмақ.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ