Бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н. Назарбаев орталығының Басқарма Төрағасы Б. Сәрсенбаев Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті студенттері, магистранттары, PhD докторанттарымен кездесіп, дәріс өткізді.
Іс-шараның мақсаты – бірегей диалог алаңы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII Съезі мен қорытынды Декларациясының негізгі месседждерін аудиторияға жеткізу.
Дәріс барысында Басқарма Төрағасы Б. Сәрсенбаев студенттер мен профессор-оқытушылар құрамын бейбіт қатар өмір сүрудің, толерантты қоғам құрудың және конфессияаралық диалогтың қазақстандық моделімен таныстырып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің қорытындылары туралы айтып, оның халықаралық аренада бейбітшілік пен келісім идеяларын ілгерілетудегі ерекше рөлін атап өтті: «Қазіргі Қазақстанның үлкен жетістіктерінің бірі – жаһандық бірегей жоба Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезіне бастамашыл болып, оны халықаралық деңгейде насихаттауы», – деді ол.
Айта кетейік, Съезд бойынша дәрістер Астанада – Назарбаев университетінде, Түркістанда -Х. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде өтеді.
Дәріс соңында Л. Гумилев атындағы ЕҰУ студенттеріне Бейбітшілік және келісім мұражайына экскурсия ұйымдастырылды. Сондай-ақ, студенттер 2023 жылдың 6-27 наурыз аралығында Н. Назарбаев орталығы ұйымдастырған «Түркі әйелдерінің зергерлік бұйымдары» көрмесін тамашалады.