Сұрақ: Бүгінде жиі стресс алатын заманда өмір сұріп жатырмыз. Тосыннан бір қиындыққа тап болсам, өзімді басу үшін не істемек керек?
Жауап: Әдетте мұндай стресстік сәттерді діндар адамдар қалыпты жағдаймен өткізеді. Себебі дін адамды барлық жағдайға дайындап, бұл өмірдегі қиындықтар мен машақаттар уақытша екенін үйретеді. Ислам Құранның әмірі болған сабыр ету мен бір Аллаға мойынсұнуға шақырады. Дегенмен, пайғамбар (с.ғ.с.) қиындыққа, өмір сынағына түскен жандар үшін арнайы дұғаны оқуға шақырған. Сынақтан сынбай өте алған мұсылман үшін арнайы сый бар екенін уәде берген:
«Егер сендерге қандай да бір қайғы-қасірет келсе: «Біз Аллаға тиесіліміз және Оған қайта ораламыз. О, Алла! Басыма түскен қайғы-қасіреттің қайтарымын Сенен күтемін, сол себепті маған сый нәсіп етіп, мұны әлдеқайда қайырлысымен ауыстыр» (Мүслим, Әбу Дәуіт).
Өзінің Раббысына тиесілі екенін және Оған қайта оралатынын біліп өмір сүретін мүмін, басына келуі мүмкін түрлі бәле-жала мен жамандықтарға қарсы қолынан келген мүмкіндіктерін қолдана отырып, оның алдын алуға тырысады. Иманды және саналы мұсылман ең әуелі әрбір ісіне жауапты қарайды.
Расында да өмір көрсеткендей қиындыққа сабыр қылған адам өзінің жүйкесін, денсаулығын сақтап қана қоймай одан да қайырлы дүниеге қол жеткізеді. Себебі қандай қиындық болмасын, дүние заңдылығы сияқты ол да өтпелі құбылыс. Оның артынша тыныштық, жұбаныш келері хақ. Себебі барлық нәрсе жұппен жүреді. Қайғыға қуаныш, жылауға күлкі, аққа қара, күндізге түн, күнге ай сияқты т.б.
Стреске шалдыққан адам жоғарыдағы дүғаны ауызбен айтып қана қоймай соған жүрегімен сенуі қажет. Сол үшін оған бұл дүниеде марапат болса, ақыретке сауап жазылмақ.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ