Солтүстік Қазақстан облысында спирттік ішімдіктерден бас тартқан ауылдардың саны артып келеді. Олардың қатарында Айыртау ауданындағы Қарасай және Бірлестік ауылдары да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Айыртау ауданындағы Қарасай және Бірлестік ауылдары алкогольден 5, 7 жыл бұрын бас тартты. Екі жағдайда да ақсақалдар мұрындық болып, олардың ұсынысын халық қолдады. Ауыл дүкендерінің иелері де арақ-шарап сатпауға келіскен.
Қарасай ауылында 263 адам тұрады. Мұнда соңғы жылдары қылмыс немесе отбасылық дау-дамай тіркелмеген. Арықбалық ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Абылайхан Рамазанов бұл елді мекенде алты жылдан бері еңбек етеді. Тәртіп сақшысы бұл ауылға профилактикалық әңгімелесу үшін ғана барады – ауыл тұрғындарына интернет-алаяқтық туралы айтып, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға ат салысады.
Ал Бірлестік елді мекенінің 500-ге жуық тұрғыны бар. Соңғы жылдары мұнда тек бір рет қана жедел тергеу тобы шыққан. Мал ұрлығы расталмады, жоғалған сиыр мұз жарылып, суға батып кеткен.
Екі ауылда да спорт дамып келеді. Барлық іс-шаралар бүгінде алкогольсіз өтетін болған.
«Ауыл тұрғындарыныңы алкогольден бас тартуы полицияға үлкен көмек. Тәжірибе көрсеткендей: елді мекендерде спирттік ішімдікті тұтыну неғұрлым аз болса, соғұрлым тыныш болады. Айыртау ауданының полиция бөлімінде барлығы 22 учаскелік полиция инспекторы және олардың 6 көмекшісі қызмет атқарады. Полиция қызметкерлері тұрақты түрде қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын ала отыра, халықпен сенімді серіктестік орнатқан. Енді ішімдіктен бас тартқан ауылдардың оң тәжірибесін басқа ауылдарға енгізуді мақсат еткен», – дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Марат Серкешев.