Сұрақ: Спортшының дәретсіз шүкір сәждесін жасауына рұқсат па?
Жауап: Шүкір сәждесі – бір нығметке ие болғанда немесе пәле-жаладан аман қалғанда «Аллаға шүкіршілік» білдіру мақсатында жасалынатын сәжде. Әдетте футболшы гол соққан сәтінде немесе боксшы қарсыласын соғып жеңген кезде қуанғандықтан, Жаратушыға алғыс ретінде шүкіршілік білдіріп, сәжде жасайды. Біз мұны спорт алаңдарынан көріп жүрміз.
Сұраққа жауап алу үшін мына жайтты біліп алған жөн: Исламда әрбір құлшылықтың дұрыс орындалуы үшін белгілі шарттары немесе парызы мен уәжібі деген талаптары бар. Егер осы шарттардың бірі орындалмаса, онда құлшылық дұрыс саналмайды. Мысалы, намаз оқу үшін адамның дәретті әрі намаз оқитын орынның және киімнің нәжістен таза болуы және т.б. Егер осы шарттар орындалмаса, онда оқыған намаз дұрыс емес.
Сол сияқты шүкір сәждесінің дұрыс болуы үшін адам дәретті болады, құбылаға қарайды. Тәкбір (Аллаһу акбар) айтады, сәжде қылып, үш рет «Субхана Раббиль әғлә» (Ұлы Раббым, кемшілік атауынан пәк) сөзін айтады, кейін «Аллаһу акбар» деп орнынан тұрады.
Аталмыш тәртіп, барлығына тең және бірдей. Басқаша айтқанда, шүкір сәждесін жасаушы боксшы, футболшы, ғарышкер немесе дәрігер болса да шарттар өзгермейді. Сондықтан спортшының аталмыш шарттарды орындамай жасаған сәждесін құлшылық мағынасындағы «шүкіршілік сәждесі» деп емес, жай денемен жасалған алғыс білдіру белгісі деп қабылдаған дұрыс.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ