Шымкент орталық мешіті мен «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің ұйытқы болуымен «Сөз түзелсе…» атты аймақтық асабалар семинары өтті.
Басқосуға Шымкент қаласының бас имамы Бақдаулет Абдрахманов, дінтанушы Мұхамеджан Естеміров, Түркістан облыстық «Түркістан – Ахмет Ясауи» мешітінің наиб имамы Самат Анарбаев, наиб имам Мұсабек Ақтамберді, әл-Фараби ауданының бас имамы Ахметжан Керімбек, дінтанушы Азамат Әбікерімұлы, Шымкент қаласы «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің директоры, айтыскер ақын Біржан Байтуов, ақын Абзал Қажымұқан, «Шаншар» және «Алдараспан» әзіл-ысқақ театрының артистері мен оңтүстікке белгілі асабалар қатысты.
Семинарға қатысушылар тарапынан ерекше рухани бастама көтерілді. Жалпы, Түркістанда Ахмет Ясауи, Шымкентте Ибраһим ата мен Қарашаш ана кесенелері бар. Демек қос шаһар – құстың қос қанатындай киелі мекен. Сондықтан салауатты өмір салтын қалыптастыру, ұрпақ амандығы мен тәрбиесіне орай Шымкент қаласын рухани тұрғыдан «Шымкент – арақ-шараптан ада шаһар» деп атау туралы бастама көтерілді.
Айта кетсек, зиялы қауым, дін өкілдері және той-жиын жүргізетін асабалар алдағы уақытта жиі кездесіп, түрлі деңгейдегі шаралар өткізуге бірауыздан уағдаласты. Сондай-ақ жиын барысында Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша «Асабалар кеңесі» құрылатыны мәлім болды.