Діндар я ғылыми орта болмаса, былайғы көпшіліктің біле бермеуі мүмкін, алайда «сахар» (саһар), «сәрі», «сәресі» және орыстың «заря» сөздерінің түбі бір және өзара байланысы бар.
Қалай дейсіз ғой? Қазір айтамыз!
ЕҢ АЛДЫМЕН «АС» МӘНІНДЕГІ МАҒЫНАСЫНА ТОҚТАЛСАҚ.
Ислам талаптарын қатаң ұстанушы жан сәресінің «сахар» екенін жақсы біледі. Өйткені, ораза кезінде аузын бекіткен адамның таң алдында ішетін тамағы араласатын ортасына қарай бірде «сәресі», бірде «сахар» деп атала береді. Яғни, синонимдер ретінде орын алмаса береді. Ал мағынасы сол.
Одан қалса, «Сахур сәресі» деген бар. Бұл – күннің батуымен сәресі уақытына дейінгі уақыттың он алтыдан бір бөлігі. Сәресі уақытында ораза ұстаушы тамақтану үшін тұрады (Исламдық терминдер сөздігі / Құраст.: М.Исахан, М.Муслимов, С.Көкенай, Б.Сыддықов. – Астана: Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы, 2015). ӨЗ КЕЗЕГІНДЕ, БҰЛ УАҚЫТТЫҚ МӘНІ.
Енді мынаған қараңыз.
Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде («Ғылым» баспасы, Алматы -1966) бірнеше сөз «саһар» сөзімен байланыстырылған:
«Таң сәрі сөзі таң және + саһар сөзінен, сәресі сөзі саһар + асы сөзінен кұрылған. һ дыбысы сөздің басында да, ортасында да түсіп қала береді. Екі дауысты қатар айтылмайтын болғандықтан, біреуі ғана сақталған.
Сәрі сөзі жіңішке айтылады да, қазақша жуан айтылатын ас сөзіне де әсерін тигізеді».
Сонда осынау сөздікті әзірлеген А. Ысқақов, Р. Сыздықова, Ш. Сарыбаев сынды ғалымдардың қисыны бойынша «таң сәрі», «құлқын сәрі», «сәресі» тізбегі шығып тұр. Оларға ортағы – «сәрі» сөзі.
Бір қызығы, ол көне діни мәтіндер мен сөздік кітаптарда да көрініс берген. Айталық, түркі тілдерінің ескерткіші «Кодекс Куманикус» еңбегінде кездесетін «сара» сөзін В.В. Радлов орыстың «заря» деген сөзінен ауысқан деп көрсетсе, оны Ә. Құрышжанов («Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы», 4-шығ.) қазіргі тілдегі «таң сәрі», «құлқын сәрі», «сәресі» деген тіркестерде кездесетін «сәрі» сөзімен байланыстырып, арабтың саһар/сахар – таң деген сөзінен ауысқан деп көрсеткен.
Бұл жерде атап өтерлік жайт сол, «заря» деген сөздің орыс тіліне керісінше түркі тілі арқылы араб тілінен көшкені. Себебі, «сәрі» мен «заряның» логикалық һәм образдық мәні бір-біріне дөп үйлесулі.
Кейбір этимологтар «заряны» көнеславяндық «зьръти» – «смотреть, видеть» (көру, қарау) дегеннен шығарып, соның негізінде «зоркий», «взор», «зрение» шыққан деп дәлелдейді. Алайда мұнда еш қисын жоқ. (Болмаса «көру» мен «таңғы уақыттың» қандай семантикалық-мәндік ұштасуы болуы мүмкін?)
Сонымен, сахар – (араб тілінде – سحر) ертемен, таң, таңертең, таң жаңа сыз беріп ата бастаған кез, шапақ, сәресi (сәрі ас). Ал «сәрі» соның қазақ тілі ерекшелігіне бейімделген формасы.
МҰНЫ АНЫҚТАП АЛСАҚ, ЕНДІ «САХАР» ДЕГЕН ҰҒЫМНЫҢ ТҮРКІ МҰСЫЛМАН ЖҰРТЫ ТАНЫМЫНДАҒЫ САКРАЛЬДЫҚ ӨРІСІНЕ АЗ-КЕМ ТОҚТАЛАЙЫҚ.
«Сахар – бұл бірінші кезекте қадірлі уақыттық өлшем, транцедентті періштелер әлемінің ашылар сәті. Шын тақуа осы сәттен қапы қалмауы керек» делінеді.
Айталық, қазақ мәдениетіндегі қасиетті ұғымдарды айшықтауға маманданған М.Төлегеннің жазуынша, бұл Құрандағы «фажр» ұғымымен сәйкес келеді. Яғни таң атар сәтте Алланың рахмет нұры жерге еніп, өзіне дұға қылған жандардың ниетін бос қалдырмайды (Жыр-толғаулардағы Алла сипаттары мен махаббат мәселесі).
Былайша айтқанда, Аллаға асықтық пен ышықтың емі еселеніп өтелер қызулы кез – аса қымбатты сахар уақыты. Яки көнеқазақ тілімен айтқанда «сәрі уағы».
Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінде мынадай жолдар бар:
Сахар мезгіл құш сағат,
Болар рахат һәм жаннат.
Тәңірге қыл ғибадат,
Сахар мезгіл болғанда…
Бергі кезеңде бұл тақырып О.Шораяқовта былай жырланған:
Саһармен салдыр қағып келді суға,
Дамыл жоқ тіл мен жақта: зікір – «һуда».
Дарияның меспен тасып суын құртпақ,
Гауһарға түбіндегі қызды алуға.
НЕМЕСЕ БАЗАР ОҢДАСҰЛЫ:
Сахар тұрып жылаған,
Хақтан медет сұраған,
Ол ерлердің тағаты,
Құдайына ұнаған,
Солардан өткен сұм дүние, – деп толғаған.
Абылайхан Қалназаров
Мәдениеттанушы-лингвист