Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, жасөспірімдер арасындағы суицид саны бойынша Қазақстан әлемде 12-орында тұр. ІІМ-нің мәліметінше, өткен жылы 250-ге жуық жеткіншек өз-өзіне қол салмақ болған. 164 баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болса, 84-і қыршыннан қиылған…
Жастықтың ең шуақты, алаңсыз әрі қызық пен қуанышқа толы шағында неге жеткіншек өмір сүруге емес, ажалға асығады? Өмірдің мәнін, жарық дүниенің қадірін жете түсінбей жатып, жабығу мен жалғызсыраудың қамытын киюінің себебі неде? Жыл сайын осы тектес сұрақтар түрлі жиындарда талқыланып жатады. Жастар арасындағы суицидтің алын алу бойынша жасалып жатқан іс-шаралар да, әзірленген жобалар мен қабылданған бағдарламалар да жетіп артылады. Бірақ күйзелістен арыла алмай, ақыр соңы қыршыннан қиылып жатқан жеткіншектер саны азаяр емес. Неге?
Дін өкілдері суицидті «Алладан алыстаған адамдардың ауруы» дейді. Себебі, олар жаратушының қорғауында болмаған адамға азғырушы шайтан ойындағысын орындатады деп санайды. Ал психологтер жақындарынан жылылық сезініп, қолдау таппаған жеткіншек қана өмірлік қиындыққа төтеп бере алмай, морт сынатынын айтады. Өйткені кез келген психикалық күйзелістің салдары травматикалық болуы, ал оның арты қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін. Сол себепті де мамандар ең алдымен жақын адамдар бір-бірінің жан дүниесіне үңіліп, қайғысы мен қуанышын бөлісіп отыруы қажет дегенді жиі тілге тиек етеді. Сонда ғана жастар арасындағы жабығу мен жалғызсыраудың алдын алар едік деген тұжырым жасайды.
Өткен жылдан бері ел көлемінде «Жастар арасында суицидтің алдын алу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру» республикалық жобасы іске асырылып келеді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты және Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының ұйытқы болуымен қолға алынған ауқымды жобаның көздегені – суицид туралы ең алдымен ата-аналардың ойлары мен көзқарасын өзгерту. Неге жастардың өзі емес? Неліктен ата-ана? Кәсіби психологтер бұл сұраққа жауап беру кезінде мынандай деректерді алға тартады. Елімізде жастар арасында тіркелетін әрбір үшінші суицидке жеткіншек пен ата-ана арасындағы ұрыс-керіс пен дау-дамай түрткі болады екен. Сондай-ақ жалғыздық сезімі – 12, достармен қарым-қатынастың үзілуі – 10, оқу орнындағы қақтығыстар, қолайсыз қаржылық жағдай 3 пайызды құраған.
Жоба шеңберінде 14 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қалада 200-ден астам маманның қатысуымен мыңнан астам ата-ана мен қамқоршыға тренингтер өткізіліп, «Қиын қадамға барған жасөспірімдерге қалай көмектесуге болады? Суицидтік мінез-құлықтың себептері мен белгілері қандай? Күнделікті өмірде суицид туралы жиі бетпе-бет келетін ақпараттардың ақ-қарасын қалай ажыратуға болады?» деген сұрақтар бойынша әңгімелесулер ұйымдастырылған. Еліміздің әр өңірінде өткізілген осындай іс-шаралардан кейін кәсіби мамандар курс тыңдаушылары үшін суицидтің өте ауыр тақырып болғанын мойындап отыр.
Осындай тренингтердің бірінде өз-өзіне қол жұмсамақ болған жеткіншектің анасы психологтен «Баламның бойында бұл дерт енді мәңгі қала ма?» деп сұрапты. С.Богатырева қоғамда суицидке қатысты кең таралған мифтің бірі осы дейді. Психологтің айтуынша, суицид жасауға тырысу – бұл көмекке шақыру деген сөз. Демек, ең бірінші ата-ана ұл-қызының жанөдүниесін түсінуге барынша тырысуы қажет. Өйткені ынтымағы жарасқан, бір-біріне деген жылылығы мен мейірімі ортаймаған отбасында дүниеге келіп, ата-ана махаббатына малынып өскен жас ажалға емес, алға қарай ұмтылары анық. Өмір көрмей жатып ажалға асыққан жастар ең алдымен жақынының жылылығына, жүрегінің иманына зәру себебі.
Бану ӘДІЛЖАН