Ардақты сахаба хазіреті Омардың ұлы Абдулла (Алла одан разы болсын) бірнеше достарымен бірге Мәдина қаласынан тысқары жерде сапарда болатын. Күннің аптап ыстығынан тынығып алуы үшін бір жерге жайғасып, ас-су ішіп-жеу үшін дастархан жайады. Сол уақытта жандарынан қой баққан қойшы өтіп бара жатып амандасады. Хазіреті Абдулла қойшының сәлемін алып,
– Дастарханға келіңіз, бізбен бірге отырып, дәмнен ал, – деп жанына шақырады. Қойшыда оған,
– Айыпқа бұйырмаңыз, мен ораза едім, – деді. Омардың ұлы Абдулла да,
– Осындай аптап ыстық күнде ораза тұтып жүрсің бе? – деп сұрады. Қойшы да,
– Аз ғана жалған дүниеде өмірімді құлшылықпен өткізсем деген ниетпен ұстап жүрген едім, – деді. Сол кезде Хз. Абдулла оның тақуалағын сынамақ болып,
– Бұл қойларыңның бірін маған сатсаң, – деді. Қойшы да,
– Бұлар менің қойым емес, сондықтан сата алмаймын, – деп жауап берді.
– Егесіне бір қойды қасқыр жегенін айтарсың, – деп Абдулла өтірік айтуға үндеді. Сонда қойшы,
– Жарайды, егесіне солай айтармын! Ал, «сонда Құдай қайда қалады?!» – деп, кері бұрылып кетіп қалады. Кетіп бара жатып бармағын көкке көтеріп, «сонда Құдай қайда?!» – деп дауыстап кете барды. Абдулла да қойшының тақуалығына қатты риза болғаны соншалық, Мәдина қаласына жеткенше қойшының «сонда Құдай қайда?!» – деген сөзін қайталаумен болады.
Хз. Омардың ұлы Абдулла да Мәдинаға қайтып оралған соң, қойдың иесіне хабар жіберіп, қойшымен бірге отарды сатып алады. Кейіннен ол қойшыға азаттық беріп, бір отар қойды сыйға тартқан екен.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
kazislam.kz