Сомалиде орын алған табиғи апаттар, қарулы қақтығыстар және коронавирус пандемиясы салдарынан қазіргі күні 2,5 миллион адам гуманитарлық көмекке мұқтаж.
«Ауыз судың жетіспеушілігі, шегіртке шабуылы, су тасқыны, COVID-19 және терроризм – Сомалидің басына бұлт болып үйірілген негізгі проблемалар осылар», – деп мәлімдеді елдің Гуманитарлық мәселелер және табиғи апаттардың салдарын жою жөніндегі министрі Хадиша Дарие.
Сомалидің қаржы министрі Әбдірахман Дауле Бейленің айтуынша, үкіметтің көмек қолын созу туралы өтінішіне БҰҰ-ның Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы, Бүкіләлемдік банк және Ислам ынтымақтастығы ұйымы секілді бірнеше әлемдік ұйым жәрдемдесуге дайын екендіктерін айтып жауап білдірген.
Айта кетейік, өткен жылдың қараша айынан бері Сомалидің 83 000 тұрғыны ауыз судың тапшылығынан басқа аймақтарға көшірілген.