Сұрақ: Сол қолмен тамақ жеуге болмайды, харам деп те айтып жатады. Сол рас па?
Жауап: Сол қолмен тамақ жеу – харам емес. Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) белгілеген тамақтың әдебін орындамағандықтан сауаптан құр қалмақ. Сондықтан оң қолмен тамақ жеуге дағдылануы керек.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір адамның сол қолмен тамақ жегенін көріп:
«Тамақты оң қолыңмен же!» дейді. Әлгі адам: «Оң қолыммен жей алмаймын!» дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Көтере алмай қал!» деп теріс бата берген екен. Сол кезден бастап әлгі адам оң қолын еш көтере алмаған» деген тәмсіл жеткен (Мүслим, Әшриба, 107 хадис№2021; Ибн Хиббан, Сахих, 8:152).
Бұл оқиғада пайғамбарымыздың әміріне бір немқұрайлылық, іштей қарсылық не болмаса айтылған бір өтіріктің нәтижесі қалай болатындығын меңзеу болғанымен, тамақты оң қолмен жеудің абзал екендігіне де дәлел болмақ.
Діндегі барлық нәрсенің, үкімдердің бір хикметі бар, адамның сол қолы ас дәреті үшін пайдаланылады. Сондықтан да қажеттілік не зәрулік болмаса сол қолмен тамақ жеуге әдеттенбеген дұрыс.
Кеңшілік Тышхан,
дінтанушы