Мұсылман үмбеті әдептілікті Пайғамбар сүннетінен үйренеді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) мұсылмандарға бүкіл істерінде, мейлі ол құлшылық болсын, мейлі қарапайым іс-әрекеттер болсын, бәрінде әдептілік бар екенін үйреткен. Бір күні сахабаларға мүшріктердің бірі: «Сендерге барлық нәрсені пайғамбарларың үйретеді екен ғой?» деп, келемеждеп сұрақ қояды. Сонда сахаба Сәлман Фариси еш саспастан: «Иә, бізге барлығын Пайғамбарымыз үйретеді, тіпті әжетханаға кіріп-шығу әдептеріне дейін Пайғамбарымыз үйреткен» деп, мақтанышпен жауап берген екен. Адамзаттың тәлімі терең тәлімгері Мұхаммед пайғамбар үмбетіне әдептілік мектебінің ұстазы болған. Әрбір мәселеде мұсылманға жарасар сипаттардың қандай болатынын үйреткен. Сол секілді Пайғамбарымыздың үмбетіне үйреткен әдептілік қағидаларының ішінде екі қолды қолдануға қатысты мәселелер де айтылған.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) сол қолмен тамақ ішіп-жеуді ұнатпаған. Себебі, мұсылмандық әдеп бойынша тамақ жеу, ішу, беру, алу секілді амалдар оң қолмен атқарылып, әжетханадан шығарда зәр шығарған мүшені тазалау, сіңбіру секілді әрекеттер сол қолмен атқарылады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) шайтанның сол қолмен тамақ жейтінін мәлімдеп, үмбетін оған ұқсаудан сақтандырған. Балаларды да жастайынан оң қолмен тамақ жеуге дағдыландырған. (Бухари, әл-Жамиус-сахих) Осы әдептерді бойына дарыту – мұсылманның міндеті. Сондықтан, ата-аналар да балаларының кішкентай кезінен оң қолмен тамақ ішіп-жеуін қадағалап, соған дағдыландырғаны дұрыс. Бірақ, оң қолы іске жарамсыз болса немесе оң қолымен жеу-ішуді атқара алмайтындай дәрежеде солақай болса, онда тамақ жеуде сол қолды қолдану күнә емес.