Атақты ғалым Хазіреті Имам Мәлікке (Алла оған разы болсын) бір кісі келіп;
– Адамдар садық (шыншыл) достарын өзінің туған бауырларынан да артық жақсы көруінің себебі неде? – деп сұраған екен. Сонда Хазіреті Имам Мәлік;
– Бауырлардың тегі (қаны) бір, ал садық (шыншыл) достардың рухы бір (рухтас), деп жауап берген екен.
Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар, және шыншылдармен бірге болыңдар!», – деп әмір еткен. («Тәубе» сүресі 119-аят).
Ізгі жандар әрдайым адамдарға дұрыс бағыт-бағдар бере отырып, тура жолды көрсетеді. Ізгілермен дос болу мұсылманның иманын күшейтіп, тақуалығын арттырады. Пенденің мінез-құлқы көркейіп, рухани кемелдене түседі. Лұқман Хакім баласына: «Балақайым, иман нығыметінен кейінгі ең ұлы амал – шыншыл дос табу. Шыншыл дос үлкен жеміс ағашы секілді. Отырсаң саған көлеңке болады, жемісі сен үшін тағам болады. Еш пайда бермегеннің өзінде саған ешқандай зиянын тигізбейді» деген екен.
Сондықтан рухани баю үшін Алланың салиқалы, шыншыл, ізгі құлдарымен бірге болып, олармен бірге өмір сүру маңызды. Ізгілердің бірі: «Алланың достарын іздегендерде Алланың досы болып табылады. Алла жақсы көрген пендесін сүйікті пендесіне жолықтырып қауыштырар» депті.
Дайындаған –Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ