Атақты сахаба Әбу Сағид әл-Худри жастарды көргенде, оларға былай дейтін: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) өсиеттері қандай еді, шіркін! Мәжіліс құрғанда жастарға арамыздан орын беруді, сендерге хадистің мәнін ашып түсіндіруді өсиет еткен еді. Өйткені, ізбасарларымыз һәм бізден кейінгі хадис иесі өздеріңсіңдер (яғни, хадисті жаю һәм оның мәнін ашып түсіндіру жолында қызмет ететін хадис иесісіңдер)».
Барлық уақытта, барлық жерде жастар – сол елдің болашағы. Жігері жалынды, күші қуатты кейбір жастардың қоғамды алға жетелеп, елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосуы көңілге қуаныш сыйлайды. Жоғарыда келген хадисте жастардың ғылым-білім төңірегіндегі мәжілістерге қатысып, аталы сөзден сусындап, жақсылыққа талпынулары нұсқалған. Өкінішке қарай, тәрбиесіз берілген білімнің салдарынан кей жастарымыз теріс жолды таңдап кетті. Интернеттен ұстаз тауып, соның ұстанымына ұйыған жастарды кері қайтару қиындық тудыра түсуде. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) өнегелі хадисінен ой өрбітпек түгілі, он аят жаттамай жатып, «дәлел» деп дүдәмал ойымен миыңды әуре-сарсаңға салатындардың қатары көбейді. Бізге қауіптісі – санасы тұмшаланған жастар. Сирияға «жиһад» іздеп, жанұясын тастап кеткендер де жоқ емес. Бейбіт елден қанды қырғынға кеткен жастар әсте дұрыс жолды таңдады деп айту шындыққа жанаспайды.
Қазіргі таңда қоғамда орын алып жатқан жағдайлар ел ішіне іріткі салған теріс пиғылдылардың тасада тұрып оқ атқан әрекеттерінің көрінісі. Мынаны ұмытпауымыз қажет, қоғамда орын алатын келеңсіз оқиғалар ішкі және сыртқы факторлардың күрделі байланысынан бой көтереді.Ғаламтор желісі арқылы сананы улап, сол санаға білдірмей бомба тастап, өрімдей жастарды «жүрісінен жаңылдырған» неңдей күш болуы мүмкін? Сырттан түрлі террористік топтар өздерінің радикалды желілерін әлеуметтік желілер арқылы өз идеяларын таратып қана қоймай, кедейлік, жұмыссыздық, сыбайлас-жемқорлық секілді күрделі мәселелерді өз мақсаттарына өте тиімді пайдаланды. Әлеуметтік желіге жіпсіз байланған кейбір білімсіз бауырларымыз ақ пен қараны ажыратпай тұрып, «жиһад» деп аттанды да. Осы бір әлсіздік, жастардың адасуы күрмеуі шешілмейтін мәселедей көрініп тұр. Ащы да болса, шындық! Жастар арасында теріс ағымның жетегіне еріп, «Сирия» деп санасын улап, «Жихад» деп жаңылып, өзге елде қару асынып жүргендердің қатары артуда. Тіпті, кейбір бейнероликтерде бес жасар баланың қару асынып алып: «Қырамын, жоямын, өлтіремін»,-деген сөздері денеңді түршіктіреді. Баланың санасына жастайынан дақ түссе, ол еліне қандай пайда береді, түсініксіз? Ал, Исламда жиһад ұғымы қалай түсіндірілген? Жиһад – араб тіліндегі «жуһд» түбірінен шыққан «белгілі бір мақсатқа жету үшін жігер күшін салу, күресу» деген мағынаны білдіретін сөз. Ал шариғаттағы мағынасы: Ақиқат үшін күресу, хақ дінге шақыру (яғни, Алла дінін қорғау) немесе Алла дінінің туын жоғары көтеру және дінді, жанды, отанды, мал-мүлікті т.б. қорғау үшін малымен, жанымен күресу. Исламда «Алла жолында жиһад ету» ұғымы кең көлемде қолданылады. Құранда жиһадқа байланысты аяттар бірнеше жерде келгенімен оның барлығы қолға қару алып соғысқа аттану деген мағына да емес. Тек төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Оның өзі бүкіл кәпірлерді қырып жойыңдар немесе бейбіт халыққа бас салып мал-мүлкін талан-таражға салу, абыройын аяқ-асты ету, жерлерін отарлап еріктерінен айыру т.б. осы сияқты зұлымдық мақсатында соғысыңдар деген ұғымды білдірмейді. Бәлкім жиһад дұшпанның қастығын тоқтату, әлсіздерге қорған болу және Алланың дінін қорғау мақсатында айтылған.
Мұхаммед пайғамбар: «Мұсылманды сөгу – пасықтық, ал оны өлтіру – күпірлік»,-деген және: «Мұсылман мұсылман бауырына қару көтерсе, онда ол екеуі де тозақ отында», – деген. Сонда жанындағылары: «О, Алланың Елшісі! Өлгеннің кінәсі неде?» – дегенде, ол (с.ғ.с.): «Ол оны да өлтіргісі келген еді», – дейді.
Бақыт – ұйыған тыныштық, жарасымды бірлік қанатын жайған жерге ұялайды. Сол себепті де, Қазақстан азаматтары Елбасының және діни басқарманың, сонымен қоса ата-ананың рұқсатынсыз сыртқа, басқа жерге жиһадқа аттануға болмайды. Қазақ елінің жастары аға буынның үкілеген үміттерін ақтап, өз еліне, өз жеріне, өз халқына еңбек етуі әлдеқайда маңызды әрі бақыттылықтың бастауы. Біреудің алдауына түсіп, басқа бір елдің қанын төгіп, күнәһар болған адам бір биіктен шығады деп сену қиын. Өз елінде жүріп, айналасындағы адамдарға жақсылық жасап, еселеген сауап пен алғыс арқалаған жас та жаман болмайды.
«Мұсылманның кемелдігінің белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрселерден бойын аулақ ұстауы»,-деп өсиет қалдырған Алла елшісі. Демек, кемел мұсылман өзіне қажетсіз нәрселерден бойын аулақ ұстайды. Бұл хадисті жастарға бағыттасақ, «өзге елге сұлтан болуға Сирияға кеткен жастар, өз еліне келіп ұлтан болып», абырой мен адамгершілікті, білім мен ізгі амалды жалғастырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Ардақты Мұхаммед пайғамбар: «Алла тақуалықты қалай жақсы көрсе, діндегі рұқсатқа сүйеніп әрекет еткен құлын да дәл солай жақсы көреді»,-деген. Иә, жастарымыз шариғаттың шеңберінен шықпай, Аллаға сүйкімді амалдарды жалғастырып, ақылға қонымды әрекет жасағандары қандай абзал десеңізші?!
Ел жастары алтын ұя Отандарын тастап, басқа жақтан Жерұйық іздемесе екен.
Тұрар ӘБУОВ,
дінтанушы