Белгілі Ислам ғалымы Абдул Қадир Жулайнидің бала кезі еді. Ол жергілікті халықпен бірге өзге елдерге сапар шегуді жақсы көретін. Содан бір күні саудаға аттанғалы жатқан керуенге еріп, басқа елге барып Ислам шариғаты бойынша білім алуды жоспарлайды. Анасы жолға шығып бара жатқан баласының беліне белдік байлап, оның ішіне 40 алтын тиын салып жібереді де:
-Балам, білім жолына шығып бара жатырсың. Қандай жағдай болмасын әрқашан шындықты айт!-деп шығарып салады. Керуен жолға шығып біршама күн жол жүреді. Кенет керуенге жолда бұзақылар шабуыл жасап барлық құнды заттарды алып қояды. Қарақшылардың басшысы керуенге қарап:
-Кімде тағы бермеген құнды зат қалды?-деп айқайлайды. Сол уақытта Қадир:
-Менде 40 алтын тиын бар,-дейді. Баланың мұндай шыншылдығына таң қалған қарақшы басшысы оған жақындап:
-Расымен сенде сондай алтын бар ма?-дейді. Абдул Қадир:
-Әрине бар,-деп беліндегі алтынды алып көрсетеді. Аң-таң болған әлгі қарақшы:
-Егер сен мына қолыңдағы алтынды айтпасаң да сенен ешкім алмайтын еді ғой. Неге үндемей тұра бермедің?-дейді. Абдул Ақдир:
-Маған анам осы сапарға шығып бара жатқанда әрқашан шындықты айтуды бұйырған болатын. Мен шындықты айттым,-деген екен.
Бұл баланың әрекетіне дән риза болған қарақшылар керуенге барлық құнды заттарды қайтарып берген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы