Алдыңғы өткен бір кезеңде екі баланы туыстары медресеге оқуға берген екен. Әлгі екеуі бірнеше жыл оқыған соң, жақындары келіп:
«Алла Сізге разы болсын, ұстаз! Балаларымыз бірнеше жыл Сізден сабақ алды. Енді осы ілімдерін елге апарып таратса, жақсы болар еді. Шәкірттерге елге қайтуына рұқсат етіп, батаңызды берсеңіз» деп өтінеді.
Сонда ұстаз:
«Бұл екі шәкірттің тағы бір емтиханы қалды. Сол емтиханнан өткен соң, жіберейін» дейді.
Ертеңінде ұстаз екі шәкіртін ертіп, ауыл сыртына сапарға шығады. Үшеуі бірге келе жатса, бір шәкірті ұстаздан озып, алдыға жүріп кетеді. Сонда ұстаз жанында келе жатқан екінші шәкірттен:
– Анау досың жайлы не айтасың? – деп сұрайды.
Сонда ол:
– Ұстаз, Сіз оған ренжімеңіз. Ол маған қарағанда өте білімді. Әрдайым оқыған ілімдерін қайталап, жаттап жүреді. Сол кезде өзін-өзі ұмытып кетеді. Сондықтан Сізді байқамай озып кетті, оны кешіріңізші, деп жауап береді.
Ұстаз бұл шәкірттен озып, алдында келе жатқан шәкіртімен қатарласып, одан:
– Анау артта қалып қойған досың жайлы не айтасың? – деп сұрайды.
Сонда ол:
– Ұстаз, Сізден озып кеткенім үшін кешірім сұраймын. Ол досым жайлы айтсам, маған қарағанда өте терең, білімді жігіт. Бойындағы ілімі бейне бір түйеге ауыр жүк артқандай салмақты. Ал менің ілімім аз болған соң, жүксіз ат сияқты шапшаңмын, деп жауап беріпті.
Жауаптарын естіген ұстаз оларға:
– Екеуің де елге барып насихат айтуға, дәріс беруге лайықты болыпсыңдар. Алла жар болсын! – деп, ақ батасын берген деседі.
Осы әңгімеден алатын ғибрат – ілім жолында жүрген адам, әрдайым кішіпейіл, достыққа адал, кең пейілді болуы қажет.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім өзіне қалағанды мұсылман бауырына да қаламайынша толық иман еткен болмайды» деген. (Муслим)
Қазіргі кезде кейбір ілім жолында, дін жолында жүрген бауырларымыз арасында осыған кереғар амалдарды көріп, жүрегіміз ауырады.
Алла баршамызға шынайы иман дос болуға жазсын!
Қуат ҚАБДОЛДА