Күндердің күнінде бір жақсы шаңырақтың иесі болған ата-ана өздерінің жалғыз баласы ер жетіп, ақыл-ойы тоқтаған уақытта үйлендірмекке бел буады. Ата-ананың мұндай әрекетіне бәрінен бұрын баланың жолдастары қуанған еді.
Содан бала жақсы қызды кездестіріп, соны келін ретінде таңдайды. Ата-анасымен таныстырып, барлығы ойдағыдай болады. Олар той күнін белгілеп, арнайы қонақтар шақыра бастайды. Сол уақытта әкесі баласына келіп:
– Балам, той жасағалы жатырмыз. Бұл жолы жолдастарыңды тойға мен шақырсам қалай? Әрине, өзің қарсы болмасаң, – деп ұсынысын айтады. Бала ойланбастан келіседі. Содан той күні де келіп жетіп, дастарқан жайылып, қонақтар келе бастайды. Барлығы жиналады, алайда, бірде-бір досы келмейді. Баласы әкесіне барып:
– Әке, жолдастарымды шақырып па едіңіз? – дейді таңқалып. Әкесі:
– Әрине шақырдым, бірақ мен оларға тойға шақыру хатын жолдаудың орнына саған қол ұшын беру керектігін ескертіп шақырдым. Нәтижесін енді қөріп тұрмыз… Шынайы достық қиындықта білінеді, балам, – деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы