Белгілі бір дін ғалымы уағызында былай деді:
«Мұсылман бауырларым!
Қазіргі кезде әлеуметтік желіден уағызға құлағымыз тойды. Бірақ әсер ала алмай жатырмыз. Неліктен?
Себебі, көзіміз тоя алмай жатыр. Сол уағыздарға жасалған амалды аз көреміз. Сондықтан аз да болса өзіміз жасауға тырысуымыз қажет.
Ал, оның ең бастысы – амалымызда қарапайым болу. Мәселен, мешітке келгенде, елге тақуа болып көрініп, намазды созып оқымау керек. Өте қарапайым, жеңіл оқуға тырысқан дұрыс. Ал, үйде оқысақ, барынша созып оқыған абзал.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үмбетімнің Аллаға серік қосып кететінінен қатты қорқам. Бұл сөзіммен мен олардың айға, күнге немесе пұтқа табынып кетулерін меңзеп тұрғаным жоқ. Мені қорқытқаны – олардың Алладан басқаға жасаған амалдары мен жасырын қалаулары еді» деп айтты. (Ибн Маже)
Сондықтан мұсылман адам көптің ортасында су сияқты болу керек. Су сүтке де, лайға да қосылса, араласып білінбей кетеді. Нағыз мұсылман адам да жамағаттан ерекшеленбей тұрады. Тақуалық ешкім көрмейтін жерде жасалса – тақуалық. Сол үшін де Алла Тағала оразаның сауабын Өзі береді, өйткені рия араласпайтын бірден-бір амал».
Алла баршамызға ықыласты амалды нәсіп етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА