Мұсылман болу үлкен бақыт деуге болады. Түптеп келгенде бүкіл пайғамбарлардың мұсылман болғанын айта аламыз. Себебі мұсылман деген сөз Жаратушыны мойындау, бұйрықтарына мойынсұну деген сөз. Жер бетіне жіберілген жүз жиырма төрт мың не екі жүз жиырма төрт мың пайғамбардың да дәріптеген ақиқаты біреу еді. Ол Жаратушы иенің бар екендігі әрі жалғыздығын мойындап, елшілерінің ізінен еру.
Соңғы елші, пайғамбарлар мөрі Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.), одан кейін пайғамбар келмек емес. Одан кейін өзін пайғамбармын деушілер тек жалған сөйлеушілер. Бұл туралы хадистерде де хабар берілген. Ақырзаманда жалған пайғамбарлар шығатын болады. Бүгінде Бахаи сеніміндегілер соңғы пайғамбар Баб пен Бахаулла деп сенсе, Ахмадия жамағаты соңғы пайғамбардың Мырза Ғұлам Ахмет екендігіне иланады. Осы тұрғыдан келгенде Алланы бір деп мойындап, көркем есімдері мен сипаттарымен қоса тереңірек тану, соңғы елшісі Мұхаммедтің сүннетіне беріктік таныту мұсылмандар үшін негізгі ақиқатты тану болып табылады.
Мұсылмандар әлемді Алланың жоқтан бар еткендігіне иланады. Жоқтан бар ету Жаратушының шексіз құдіретін байқатады. Жаратушының әл Қадир есімі Оның құдіреті шексіз екендігін білдіреді. Құдіреті шексіз Аллаға тәуекел еткен мұсылмандар әрдайым үмітте жүреді. Ешқашан үмітсіздікке салынбайды. Сондықтан олар келеңсіздіктерге орынсыз таусыла бермейді. Кім көрінгенге мұңын шақпайды. Не тілесе де ұлы Жаратушыға қолын жаяды.
Рас, мұсылмандар ақыретіне көбірек алаңдайды. Дегенмен бұл дүниедегі несібелерін де ұмытпайды. Сол үшін пайғамбардың «Жалқаулықтан, қарызданудан сақта» деп тілегеніне сай еңбекқорлықпен күн кешеді. Өз еңбегімен тапқанын нанын ғана жейді, жемқорлыққа жоламайды.
Мұсылмандар үшін Құдайға құл болу үлкен мәртебені білдіреді. Олар Құдайға құл бола отырып, өзге дүниеуи нәрселерге құл болудан өздерін аулақ ұстайды. Құдайға құлмын деген түсінік пендені тәкаппарлық пен өзін өзегелерден артық сезінуден арылтады. Хадистерде адамдардың бәрі тарақтың тістеріндей тең екендігі, арабтың араб еместен, ақтың қарадан артықшылығы жоқ екендігі ескертілгендіктен, мұсылмандар тек тақуалығымен Жаратушыға жағатынын жақсы біледі. Тақуалық түрлі жамандық, күнә атаулыдан аулақ жүруді, таза өмір сүруді, ешкімге қиянат жасамау керектігін ұқтырады.
Ислам сенімінде ата тегінің ақсүйек болуы мұсылманның абырой беделін биіктетпейді. Оны тек құлшылықтары мен жақсылықты істері ғана көтереді. Сол себепті мұсылман адам руын алға тартып мақтанбайды, ол өзіндік мұсылмандық парыздарын өтеп жүрген болса, соны көңіліне медет етеді.
Мұсылман адам ұлттық ерекшеліктерін қадірлей отырып, ұлт мәселесін де жіктелуге себеп етпейді. Ол мұсылман үмбеті деген анағұрлым кең түсінікке иек артады. Құрандағы «Анығында мүминдер бір біріне бауыр» деген аятты әрдайым қаперінде ұстап, өзге мұсылман ұлттармен өзара ауызбіршілікте, ынтымақтастық пен достықта болуға тырысады.
Мұсылмандар өз сенімінің кіршіксіздігі мен ақиқатын өз жүріс-тұрыстары арқылы дәлелдеуге тырысады. Исламды барлық сенімнен артық көре тұра, өзге сенімдегілерді де құрметтей біледі. Ардақты елшінің соңғы өсиеттерінде мұсылмандармен қатар өмір сүріп жатқан өзге сенім өкілдерімен жақсы мәміледе болу ескертілгендіктен, өзге сенім өкілдерімен сыйласа біледі. Өзіндегі қасиетті ұғымдарға тіл тигіздірмеу үшін олардың да қасиет тұтқандарына құрметпен қарай біледі.
Мұсылмандар исламның бейбітшілікті қалайтын дін екенін жақсы білгендіктен, мұсылман ретінде өзі де жүрген ортасы мен қоғамда тыныштық пен татулықты жақтайды. Екі мұсылман ренжіссе, оларды татуластыруға барын салады. Ерлі-зайыптылар ренжіссе, оларды да татуластырғанша байыз таппайды. Көрші ақысына қатты көңіл бөлетіндіктен, көрші елдермен де достық пейіліне сызат түсірмейді. Артық-ауыс айтылған сөздерге бола сан ғасырлық татулыққа сызат түсірмей, достығын берік сақтай біледі.
Мұсылмандар татулық пен бейбітшілікті қалайтындықтан, қан төгісті ешқашан жақтамайды. Ең алғаш Абылды Қабыл өлтіргендіктен, кейінгі қан төгістің әрбірінен Қабылға күнә жазылып отыратынын жақсы біледі. Оның ойында «Екі мұсылман бір-бірін өлтірсе, өлгені де, өлтіргені де тозақтық» екені тұрады.
Мұсылмандар отбасы құқына көңіл бөледі. Адал табыспен отбасын асырауға жанын салады. Тау қопарып, тас уатса да, ауыр қара жұмыстарға жегілсе де тапқанының адал болуын қатты қадағалайды. Бала-шағасын оқытып, өз заманына сай білім беруге тырысады. Қатарынан қалдырмай, білгенінше әдептілік пен жақсы тәрбие береді. Зайырлы білім алуын жатсынбайды. Балаларын ұлтын сүюге, кейін қоғамға пайдалы азамат болатындай етіп тәрбиелейді.
Хадисте «Ел құрыды деген адамның өзі құрығаны» делінгендіктен, мұсылмандар не болса соған күйгелектенбейді. Ел іші бүлініп кетті деп байбалам салмайды. Оны орнына орын алған келеңсіздіктерді ши шығармай қалай түзеуге болатынын ойлайды. Нені қалай түзету керектігіне парасатпен көз салады. Адам түзелсе, қоғам түзелетіндіктен қоғамда дұрыс адам тәрбиеленуіне қамкқөңілділік танытады. Дұрыстаймын деп дөрекілікке бармайды. Түзетемін деген әрекеттері жұртқа түрпідей тимейді. Ол күшке салу, қырып-жою арқылы қоғамды түзетем деген ойдан аулақ болады.
Мұсылмандар кім кіммен де тіл табысудың жолдарын біледі. Қандай жағдаймен бетпе бет келсе де, байыпты, байсалды қалыптарын бұзбайды. Құран мен сүннетті басшылыққа алатын болғандықтан, Алланың аһлақы мен пайғамбардың ғажап мінездерін үлгі етеді. Хадисте «Шын мұсылман тілі мен қолынан өзгелерге зиян тимейтін адам» делінгендіктен, өтірік, өсек, ғайбат, шағыстырудан және өзгелерге зорлық зомбылық көрсетуден аулақ жүреді. Үлкен жихад әркімге нәпсімен күрес болғандықтан, өз бойындағы келеңсіздіктермен күреседі. Өзгелерден кемшілік іздегенннен гөрі өз-өзін тәрбиелеумен шұғылданады.
Асыл БЕК