Сұрақ: Діни ұғымға сәйкес «банкрот» деп кімді айтады?
Жауап: Діни ұғымдағы «банкрот» сөзінің мазмұны әдетте біз білетін «банкрот» ұғымынан басқа. Мысалы, біз банкрот деп адамның немесе ұйым, мекеменің зиянға ұшырап, барлық материалдық қазынасынан немесе мүлкінен айырылып қалуын айтамыз. Басқаша айтқанда, мойнындағы қарызын қайтара алмайтындай күйге түсіп, кедейлену.
Ал дінде ол адамның материалдық жағдайы емес, бәлкім сауап пен күнә өлшеміне байланысты болмақ.
Әбу Һурайра Алла Елшісінің (с.ғ.с.) былай деп айтқанын риуаят қылады. «Бір күні пайғамбар (с.ғ.с.):
– Муфлистің кім екенін білесіңдер ме? – деп сұрайды.
Сахабалар:
– Ақшасы және заты болмаған адам, – деп жауап береді.
Сонда пайғамбар (с.ғ.с.):
– Күмәнсіз, үмбетімнің ішіндегі муфлис болғаны қиямет күні намазын, оразасын, зекетін және сауаптарын алып келеді. Сол кезде оның қасына кезінде ренжіткен, жала жапқан, ақысын жеген, қанын төккен, таяқ жеген адамдар келіп, оның сауаптарын шетінен алып кетіп жатады. Оның сауаптары бітіп қалғанда, оған ақысы кеткен адамдардың күнәлары артылады. Кейін тозақ отына тасталады, – деп айтты». (Муслим)
Расында Исламнан бұрынғы уақытта адамдар банкротқа түскен кісіні қиын жағдайға мәжбүрлеп, тіпті бас бостандығынан айырып, құлдыққа сатылған кездері де болған. Бұл үрдіс Исламның алғашқы кезеңдеріне дейін жалғасын тапқан.
Кейін Алла Тағала тарапынан өсімге тыйым салу аяттарының келуімен бұл жағдай тоқтатылды: «Егер оны істемесеңдер, (өсім алғанды қоймасаңдар) бұны Аллаға, Пайғамбарына қарсы соғыс деп біліңдер. Егер тәубе қылсаңдар, сонда малдарыңның басы өздеріңдікі. Зұлымдық етпеген және зұлымдыққа ұшырамаған боласыңдар. Ал егер борышты ауыр жағдайда болса, жақсарғанша қарау керек. Егер де садақа қылсаңдар, сендер үшін тағы жақсы. Егер білген болсаңдар» (Бaқaрa: 280.)
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ