Әр елдің, әр халықтың науқасты өздеріне тән емдеу тәсілдері бар. Бұл олардың өмір сүрген жеріне, мәдениетіне, наным-сеніміне байланысты болып келеді. Табиғатпен етене өмір сүрген халық өмірлік тәжірибелерімен табиғаттың ішінен ем тәсілдерін тауып, науқастарын сонымен емдеу бұрыннан келе жатқан үрдіс. Сол секілді пайғамбарымыздың (с.а.с.) кезінде де арабтарда науқастарды емдеу әртүрлі емдік шөптер, майлар, ас түрлері арқылы жүзеге асатын. Тіпті тамақ ауырғанда тамақты басу әдісі де болған. Бухаридің хадис жинағында айтылған мәліметтерде Пайғамбарымыздың: «Балаларыңды (тамақ бездерінің қабынуынан құтқару үшін) бездерін сығып, оларды қинамаңдар. Уд бахримен (шөптің аты) емдеңдер», – дегені баяндалады. Демек сол кездерде тамақ басу әдісі арабтарда да болған. Бірақ Пайғамбарымыз (с.а.с.) одан гөрі шөппен емдеуді дұрыс көрген.
Сол секілді, қазақ халқында да бұрыннан келе жатқан емдеу түрі – ұшықтау. Бұл емді халқымыз біреу ұшынып қалғанда, асқазаны тамақты дұрыс қорытпай қалғанда, тіпті қорқып қалғанда да қолданған. Салқын суды науқастың денесіне немесе бетіне бүрку, шашу арқылы жасайды. Сонда дене тітіркеніп, науқастың беті бері қарай бастайды. Демек, салқын су арқылы дене тітіркенгенде қан айналымының қайтадан жақсара бастауы немесе жүйке жүйесінің жұмысы қайта қалпына келе бастауы мүмкін. Салқын судың денеге әсерін түсіндіру медицинаның еншісіндегі іс.
Ал енді осы ұшықтаудың дін бойынша дұрыс немесе бұрыстығына келетін болсақ, халқымыз бұл емдеу тәсілін қолданғанда да, Алладан шипа сұраған. Науқасты ұшықтап болған соң үнемі әжелеріміздің «Е, Құдай тағала, шипаңды өзің бере гөр», деп күбірлегендерін құлағымызбен естіп өстік. Егер ұшықтауды қолданғанда шипа судан болады деп сенсе, онда бұндай ой дінге қайшы екені рас. Тек қана ұшықтау емес, кез келген дәріні қолданғанда да ой дұрыс болуы қажет. Мысалы, науқастанғанда көбінесе дәріге жүгінетіміз белгілі. Сол дәріні қабылдайтын кезде, емім осы дәріден болады деп ойласаңыз, бұл дінге теріс пікір. Күпірлік болып табылады. Ал, дәріні қабылдарда еміме септігін тигізе гөр, еміңді өзің бере гөр деп Алла тағаладан сұрасаңыз, бұл ойыңыз дұрыс болмақ. Ұшықтауда да ой мен ниет түзу болуы керек. Ұшықтауды емдеу тәсілі ретінде қолданып, шипаның Алла тағаладан болатынына сенсеңіз, онда бұндай емдеу тәсілінің дінге ешқандай терістігі болмайды.