Шығыс поэзиясы туралы сөз қозғай қалсам, әуелі Абай Хәкімнің:
«Физули, Шәмси, Сайхали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
Қожа Хафиз – бу Һәммәси,
Мәдәт бер я шағири фарияд»¹, деп аталмыш ақындарды үлгі еткені және «Шығыс ақындарынша»², «Әлифби өлеңі»³ секілді жырлары бірден еске оралады. Яғни, қазақ әдебиетіне шығыстың, әсіресе шығыс поэзиясының тигізген әсері ерекше. Абайдың, Шәкәрімнің, Мәшһүр мен Ыбырайдың, Тұрмағанбет бабаларымыздың өлеңдеріндегі шығыстық сарындар бөлек әңгімені қажет етеді.
Айтарым басқа. Осыдан 2 апта бұрын «Атамұра» кітап дүкенін аралап жүріп, Қожа Хафиздің ғазалдары, рубаилары енген кітабы қолыма түсті. Абайдың құрмет тұтқан 7 шайырының арасында Хафиздің барын ескерсек, ол шайырдың шығыс әдебиетінде ерекше орны бар екенін терең бағамдауға болады. Кітапқа Хафиздің 194 ғазалы еніпті. Ден қоя оқып шықтым. Бір қызығы, «шарап» сөзі екі өлеңінің бірінде кездесіп отырады. Негізі, шығыс шайырлары ішінде «шарап» сөзін ең жиі қолданатын ақын Хафиз екенін естігенім бар.
Ал өз басым «шарап» сөзін көбіне Омар Хайямның өлеңдерінен кездестіретінмін. Омар Хайяммен көбіміз орыс тіліндегі аудармалары арқылы таныспыз. Мұсылмандық қағиданы, сопылық тариқатты терең ұғына алмаған діннен алыс қарапайым жұрт шығыс шайырлары шығармаларындағы «шарап» сөзін «арақ» деп тікелей аударып, шығыс ақындарын шетінен «ішкіш, араққұмар» деп, ал Омар Хайям туралы: «Омар қызды көрсе өзін ұстап тұра алмайтын зинақор, шарапханадан шықпайтын ішкіш, Құдайдан безген екіжүзді, әңгүдік, желөкпе ақын болған» деп жалған түсініктің жетегіне ерді. Соған сай христиан шіркеуіндегі шарапқұмар «орыс Хайямның» образы сомдалып, өлеңдері тек дастархан басында айтылу үшін жазылғандай жеңіл қабылданып келді.
Тіпті, бұл түсініктің қазақтың біртуар ақындарының шығармашылығына кері әсерін тигізгені тіптен өкінішті. Мысалы шығысқа еліктеп жыр жазған Мағжан Жұмабаевтың:
«Бір кезде іштік арақты,
Асқардан асқар аспаққа.
Ішеміз енді арақты,
Қайғы мен қасірет баспаққа»⁴, дегені бар.
Шығыс ақындары қандай мақсатта шарап сөзін қолданғанын тілге тиек етпес бұрын, «шарап» сөзінің тілдік мағынасына назар аударайық. Ол үшін «Арабско-русский словарьды» ашып қараймыз.
«Шарап» сөзі араб тілінен енген кірме сөз. شَرَابٌ (шарабун) сөзі араб тілінде «ішетін сусын» (питьё, напиток) деген мағынаны білдіреді⁵.
Сонымен… Хафиз былай дейді:
«Бір керемет киелі қол, шарап берді кесемен,
Көңілім өсіп, күшім тасып, қаймығудан құтылдым».⁶
Тағы бір жерде:
«Ей, Сахи дос, құй шарапты, көтерейік көңілді,
Оңай деген махаббаттың қасіреті ауыр көрінді»⁷, дейді.
Енді бір жерде:
«Жұпар атқан гүл болмаса, несі жақсы көктемнің,
Мөлдір шарап құйылмаған кесеңді де жек көрдім»⁸, дейді шайыр.
Ал Әбу Насыр әл-Фараби:
«Даналықты сиямен молықтырсам,
Шарабыммен шерімнен айығамын», десе, ⁹
ал Хорезми «Мұхаббат-намесінде»:
«Төбеге шатыр тігілсін» деп әмір етті,
Шарап әкелді, мәжіліс құрылды»¹⁰, деп түйіндейді.
Бұл жердегі «шарап» сөзі көп жұрт ойлайтынындай «алкогольді ішімдік» емес. Оның терең метофизикалық мәні бар. Шарап – Алланың нұры. Шарап толы кесе (қалб) – жүрек. Яғни, Алланың нұрына бөленген жүрек. Оған мас болу – Аллаға ғашықтықтан ләззат алу. Ал қыз (жар) парсы тілінен аударғанда «дос» дегенді білдіреді. Ал әулиелер – Алланың достары. Шығыс шайырларының қыз құшып, шарап ішуі санасы тайыздар түсініп жүргендей емес, олар бұл жерде Аллаға деген ұлы ғибадатты, Құдайға деген ессіз ғашықтықты тұспалдап тұр. Шарап сөзін «ішетін сұйықтық» деп қабылдағанның өзінде, тіпті бұл кез келген сусынды да білдіруі мүмкін. Себебі «шарап» сөзі бір сұйықтықты ішуді білдіретін жалпылама сөз. Бірақ дұрысы бірінші көзқарас.
Тағы бір ескерте кететін нәрсе, бұл шарап сөзін сопылық тариқатта жүріп, әулие дәрежесіне жеткен, шариғат білгірлері өлеңдерінде келтіріп отыр. Ал олардың шариғатымызда масайтатын арақ ішудің арам екенін естен шығаруы мүмкін емес. Әріден соң, арақ ішіп мас болған адам елге сыйлы бола ма? Қолына қағаз ұстап жазу жаза ала ма?
Атақты абайтанушы, ғалым, академик Ғарифолла Есім шығыс шайырының бірі Омар Хайям турасында берген сұқбатында: «Оның тіл байлығында, сөз қорында метафорамен бірге сопылық лексика бар. Шарап, шарапхана, өмірден алатын ләззат бар. БҰЛ МАСКҮНЕМДІК ЕМЕС. Аллегория. Сопылық тіл. Тіршілік неге адам үшін қызықты болады? Ол нәпсімен қызық. Шарап ішкен кездегі хәлге ұқсайды. Омар Хайям – дін жолындағы адам. Шарап деп тұспалдауы өзінің кілті»,¹¹ деп түсіндіреді. Омар үшін шарап – дәрі, жүректің емі. Шарапсыз дүние – бос, қараңғы. Шарапсыз жүрек – іші бос қуыс, әншейін бір түйір ет. Шарап – жұмақтың суы. «Іш, дейді сондықтан Омар ақын. – Онсыз сен қайдан келгеніңді және қайда баратыныңды білмейсің. Іш, дейді ол. – Онсыз бұл өмірдің еш мағынасы жоқ. Яғни, Жаратқанды танымасаң , оның мейірім-шапағатынан құр қаласың деп жұмбақтап отыр.
Яғни, шарап сөзі шартты түрде алынған тұнып тұрған образ, теңеу, символдар. Бұл шығыс әдебиетінде кең таралған дәстүр. Мысалы, осы секілді патшаны да сұлу қызға теңеу дәстүрі парсы поэзиясында Рудаки заманынан бері белгілі.¹²
Шарап ішу мұсылман діні бойынша арам екені белгілі. Бірақ, Пайғамбарымыздан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) кейінгі 4 халифаның дәуірі аяқталып, билікті Умәуилер (омеядтықтар) алғаннан кейін, халифаттың 11-ші халифы Уәлид ибн Язид ибн Абдульмалик (743-744 жж) араққұмар, пасық, Алланың тыйымдарына құрмет көрсетпейтін адам болғаны тарих кітаптарында айтылады¹³. Тіпті, ғалымдардың сұқбатына қатысып, дұрысталғандай кейіп танытқанымен артынан ішімдік ішіп, дінді мазақ ететін. Сарайға әншілер мен бишілерді жинап, көңіл көтеретін¹⁴. Бұл тарихи шындық. Ал бұл кісі не ғалым, не сопы адам емес. Қатардағы қарапайым адам. Халифа болса да, билігі тіпті 1 жыл уақытқа да жетпей, тақтан құлатылады. Міне, осындай адамдар өлең шығарып, шарап ішу туралы айтса мен сенер едім. Алайда, дінде шамшырақ, өмірде ұстаз жандар естері ауысқанша арақ ішті деп айту қиын.
Хафиздің өлеңдерін қазақшаға аударған ғалым Әбіраш Жәмішев Хафиздің басынан небір сынақтар өткенін, сүйген қызы Шаһнабадқа қосыла алмай кеткенін тілге тиек етеді¹⁵. Сол себепті шығар, ғашықтықтың шырмауына батқан шайырдың шарапты мысалға алуы. Себебі, мұсылман түсінігінде өзгені Алладан артық сүю адамды сынаққа душар етеді. Осыны терең ұғынып, ісіне тәубе етіп, ғашықтық шарабын ішіп «мас болатын» шығар…
Нұрлыбек САБЫРҒАЛИЕВ
Сілтемелер:
1) Абай, Екі томдық толық шығармалар жинағы, 1-том, 36-бет. Алматы. Жазушы. 2004
2) Сонда, 1-том, 35-бет
3) Сонда, 1-том, 37-бет
4) Мағжан Жұмабаев, Екі томдық шығармалар жинағы. 2-том, 360-бет. Алматы. Жазушы. 2013 ж.
5) Арабско-русский словарь, 382-стр. Ташкент. Камалак. 1994 г
6) Хафиз. Ғазалдар. 19-бет. Алматы, Жазушы. 1986 ж.
7) Сонда, 20-бет
8) Сонда, 23-бет
9) Ежелгі дәуір әдебиеті. Хрестоматия. 85-бет. Алматы, Ана тілі, 1991 ж
10) Ежелгі дәуір әдебиеті. Н.Келімбетов. 204-бет. Алматы. Ана тілі. 1991 ж.
11) Тұлғалар – қаламгерлер. Ғарифолла Есім. 123-бет. Астана. Фоллиант. 2013 ж.
12) Хафиз. Ғазалдар. 241-бет. Алматы, Жазушы. 1986 ж.
13) Ислам тарихы.Шабан Өз. 93-бет. Алматы. 2018
14) Әмәуи халифаты. Смайыл Сейтбеков. 436-бет. Алматы. 2022 ж.
15) Хафиз. Ғазалдар. 238-бет. Алматы, Жазушы. 1986 ж.