Сұрақ: Шүкіршілік нығметті арттыра ма?
Жауап: Мәшһүр Жүсіп: «Төртiншi, қымбат нәрсе – шүкiр деген, нығыметке шүкiрсiздiк – күпiр деген» деп айтқан. Шүкіршілік – алғыс айту дегенді білдіреді. Көреген адам ұдайы өзіне жақсылық жасаған адамға немесе игілігі өткен жанға алғысын аямайды. Оған жақсы тілек тілейді. Бұл оны кемітпейді, керісінше, мерейін өсіреді.
Сол сияқты Құранда: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін», – деген аят бар (Ибраһим: 7). Сондықтан мұсылман өзіне берілген нығметтерді еске алып, шүкіршілік етіп отыратын болса, ол ісі қолындағы нығметтердің баяндылығы мен одан ары көбеюіне дәнекер болмақ.
Бұған қоса пайғамбар (с.ғ.с.): «Адамдарға рахмет айтпаған адам, Аллаға да шүкірлік айтпайды», – деген (Әбу Дәуд, Термези). Демек шүкірлік айту, адамның жақсылығына алғыс білдіру – ізгі жанның сипаты. Шүкіршіл адам ынсапты, қанағатшыл келеді. Ал қанағатшыл адамның әрбір ісі және қолдындағы малы берекелі.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ