Сұрақ: Шүкір етуді қалай түсіндіресіз?
Жауап: Шүкір Алла Тағаланың шексіз нығметтеріне деген жүрек пен көңіл және тәнімен рақмет айтудың белгісі. Сол нығметтерді Алладан екенінін біліп, мойындап растау. Жүректің шүкірі сол нығметтерді берген Алла екеніне сену.
Тілдің шүкірі Алланың берген нығметтеріне мадақ айту. Тәннің шүкірі болмысын Алланың ризалығына лайықты түрде ғұмыр кешіп, намаз, ораза секілді ғибадаттарды орындау, Оның тиым салғандарынан бойын аулақ ұстап, бұйрықтарын қалтқысыз іске асыру, мал-мүліктің шүкірі болса садақа мен зекетін беру.
Алланың көркем есімдерінің бірі де «Шәкур». Яғни өзіне айтылған шүкірліктерді қабыл еткен Алла Тағала адам баласына өзіне шүкіршілік етіп, күпірлік жасамауларын қалауы[1]. Сондай-ақ, ол өзіне білдірген шүкіршіліктерді құр қайтармай, берген нығметтерін арттырмақ: «Егер шүкіршілік ететін болсаңдар әрине сендерге нығметімді арттырамын. Ал егер күпірлік ететін болсаңдар расында азабым өте қатты».[2]
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бірде Меккеден Мәдинаға қарай жол жүріп бара жатып Азуара деген жерге келгенде көлігінен түсті. Сосын қолдарын жайып Аллаға ұзақ уақыт бойы дұға етті сосын сәждеге барды да ұзақ уақыт сәждеде тұрды сосын тұрды да қолдарын ашып бір уақ Аллаға дұға етті де қайтадан сәждеге барып ұзақ уақыт тағы да тұрып қалды. Артынан сәждеден тұрды да қолдарын қайта ашып бір уақ Аллаға дұға етті де қайта сәждеге жығылды. Сосын былай деді:
«Раббымнан тілек тілеп, үмбетім үшін шапағат сұрадым. Ол үмбемнің үште бірін маған берді. Мен дереу Раббыма шүкіршілік етіп сәждеге жығылдым. Сосын қайта басымды көтеріп Раббымнан үмбетімді кешуін тіледім. Ол үмбетімнің үштен бірін маған тапсырды. Мен сол кезде дереу сәждеге жығылдым. Сосын қайта басымды көтеріп Раббымнан үмбетімді кешуін тіледім. Ол маған үмбетімнің қалған үште бірін берді. Мен қайта Раббыма шүкіршілік ету үшін сәждеге жығылдым».
Алла елшісінің осы және осыған ұқсас жасаған іс-әрекеттеріне байланысты қолға бір нығмет келгенде не болмаса бір пәледен аман қалғанда дереу құбылаға бет бұрып тәкбір айтып, сәждеге жығылу, сәждеде тұрып Аллаға мадақ айтып сосын қайта тәкбір келтіріп тұру түрінде шүкір сәждесі жақсы іс саналған.[3]
Ғибадаттардағы мақсат етілген хикметтің ең басында осы шүкір сезімі тұрады. Рамазанда ұстаған оразалар[4], қажылық кезінде шалынған құрбандар,[5] әсіресе зекет, садақа және Алла жолында мал, дүние жұмсау тәрізді тәндік ғибадаттар нығметтерді берген Алла Тағалаға шүкір ету хикметіне сүйенеді.
Адамның шүкірлікке қажетілігі – оның жаратылыс мақсаты. Пәк болмысы мен табиғатын бұзбай сақтаған әр бір адам өзіне кішкене ғана жақсылық жасаған адамның өзіне іштей рахмет айту қажеттілігін сезінетін болса, барлық нығметтерді берген Жаратқанға хамд пен шүкіршілік етпеуі мүмкін емес.
Адам өзіне шексіз нығмет нәсіп еткен Раббысына шүкіршілік етумен шектеліп қалмай, жақсылығын көрген адамдарға да рақмет айтуы қажет. Хазіреті Пайғамбар бір сөзінде: «Адамдарға рақмет айтпаған, Аллаға да рахмет, шүкір айта алмайды»,[6]-деген. Өзіне жақсылық жасағанға және пайдасы тиген адамға рақмет айту мұмылмандық мінездің қажеттілігі.
Балғабек Мырзаев
[1]Бахара 2/152.
[2] Ибрағим 14/7.
[3]Сарахси, Шархул сиярил кабир, 153.
[4]бахара 2/185
[5] хаж, 22/36
[6]Термизи, бирр 35.
Көкейде жүрген сұраққа жауабымды таптым. Фактімен берілген ақпарат үшін рақмет.