Шығыс Қазақстан облысының бас имамы Ермек Қасболатұлы Риддер қаласына арнайы барды. Бас имам Риддер қалалық «Д.Қонаев» мешітінде болып, қала мешітінің жай-күйімен танысты.
Бас имам сондай-ақ «Риддер колледжінде» болып студент жастармен кездесті. Кездесуде Ермек Қасболатұлы: «Қазіргі уақытта жастардан рухани құндылықтарға ұмтылыс байқалуда. Қазақтың ұлттық құндылығы – салт-дәстүрде, руханиятта, мәдениетінде және ата дініміз Исламда. Рухани кемел адам ғана жат ағымдардың жетегінде адаспайды. Осы салада жастарға дұрыс бағыт беру, ұлттық құндылықтарға сұранысын арттыру, бабаларымыздың ғасырлар бойы тәрбиесінің негізгі өзегі болған ата дінімізді ұлықтап, тағылымдарын сіңіру – біз үшін қастерлі парыз» деп атап өтіп, ұлттық тәрбие хақында тұщымды ой қозғады.
Кездесуге келген жастар сауалдар қойды. Бас имам әрбір сауалға егжей-тегжейлі жауап беріп, өңірдегі діни ахуал жайлы кең көлемде әңгімелеп берді. Сапар барысында Ермек Қасболатұлы Риддер қаласы әкімдігі қызметкерлерімен кездесу өткізіп, дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда ҚМДБ тарапынан атқарылып жатқан іс-шаралар жайлы айтып өтті.