ШҚО шаруалары арқар мен қойды будандастырып, жаңа мал тұқымын алды. Ғалымдар бұл жаңалыққа енді қызығушылық танытып отыр. Бұл жайында qaz.greenqazaqstan.kz ақпарат көзі мәлім етеді.
Шығыс Қазақстанның Ақсуат ауылындағы шаруашылықтардың бірінде арқар мен қойды будандастыру арқылы жаңа мал тұқымы пайда болды деп хабарлады «Қазақстан» телеарнасы.
Оған әлі ат қойылып, ғылыми түрде расталмаған. Бірақ қазірдің өзінде қызығушылық білдірген ғалымдар, мұның тың жаңалық екендігін мойындап отыр.
Будандасудан пайда болған қошқардың жасы қазір төртте. Әдеттегі қойдан ерекшелігі өте көп. Етті. Суыққа төзімді. Әрі мұны қой сияқты қырқудың қажеті жоқ. Өзі түлеп кетеді.
Жаңа мал тұқымын Ислахат Бешімбаев табиғи будандастыру арқылы алған. Тарбағатай тауларының бауырында орналасқан Қонақбай өлкесі арқардың мекені. Өрістегі малды тау жануарлары жүретін жерге жақын бағу арқылы ұрықтандырған.