Сұрақ: Шошқа етін жеу – харам. Ал бағып, өсіруге және сатуға бола ма?
Жауап: Құранда доңыздың нәжіс екендігі және етінің желінбейтіндігі айтылған. Мысалы, «Әнғам» сүресі, 145-аятта:
«Айт: «Маған уахи етілгендердің ішінде, тамақтанатын кісіге жеуге харам болған нәрсені таппады. Алайда өлексе немесе аққан қан, не шошқа еті ол лас нәрсе. Яки Алладан басқаға арнап сойылған ет басқа (бұлар харам)», – делінген.
Аятта айтылған нәрселерді жеу харам болғаны секілді, сатылуы да харам. Бұл жайында Алла елшісінің (с.а.с.) хадистері бар. Пайғамбарымыз (с.а.с.) Меккеге барған кезінде: «Шын мәнінде Алла және Оның Елшісі арақтың, өлексенің, доңыздың және пұттардың сатылуын харам етті», – деген.
Сонда сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Өлген малдың майы туралы не айтасыз? Өйткені, онымен кемелерді сылайды, терілерді майлайды, адамдар оны шам жағуға қолданады», – деді.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларға: «Жоқ, болмайды, ол – харам», – деді (Бұхари).
Сондықтан мұсылман үшін доңыз етін жеу, өзін немесе одан жасалған заттарды сату харам. Тіпті мұсылманның харам нәрсені мұсылман былай тұрсын, мұсылман еместерге де сатуына болмайды. Себебі, Ислам дінінде сауда халал болуы үшін сатылатын заттың халал болуы қажет. Харам саудадан түскен табыс та харам болып есептеледі. Сондай-ақ, харам табыстан зекет те берілмейді.
Демек, мұсылман үшін шошқа шаруашылығымен айналысу, оның басын көбейту және оны сату толығымен харам.
Алау ӘДІЛБАЕВ