Бәріміз де Құдайдың құлы, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі болғанымыз үшін ерекше шүкіршілік етсек керек?! Ардақты пайғамбарымыз Алланың соңғы елшісі – бүкіл әлемге түсірілген қасиетті Құран кітаптың иесі, олай болса, Мұхаммед те (с.ғ.с.) – күллі ғаламның пайғамбары екендігі даусыз.
Бүгінгі мақаламызда Алла Тағаланың сүйікті құлы әрі адамзаттың асыл тәжі – әз Мұхаммед (с.ғ.с.) жайлы шетелдіктердің көзқарасын назарларыңызға ұсынамыз.
«Нағыз ізгілік – тіпті, дұшпаның да мойындауы қажетті ізгілік» деген мағынада араб нақылсөзі бар. Бұл сөз кең мағынада ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайлы айтылады. Оның дұшпандары, бір Жаратушының бар екенін жоққа шығарушылар әрі дініне мойынсұнбаған адамдар, оның шексіз ізгілігін, артықшылығы мен пайғамбарлығын мойындай алмады.
Әсіресе, ХІХ ғасырдан бастап Батыста хақ дінге бойұсынған адамдар саны едәуір артқан. Өйткені, ол кезеңдерде аз да болса ғылыми зерттеулерге деген қызығышулық артты. Және шіркеулерде қысымның азаюына байланысты ар-ождан мәселесінде ілгерілеу басталды. Өкінішке орай, көктемде жалғыз гүл гүлдемейтіні секілді, бұл жеке конфессиялар да жалпы «оятуды» қамтамасыз ете алмады.
«Ол – шыншыл!»
Бұған қарамастан, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бойында тұнып тұрған керемет қаситеттерін суреттей келе, ағылшын жазушысы, публицист Томас Карлейль (Thomas Carlyle) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) тағылған жала жабуларға байланысты былай дейді:
«Өтірікші және екіжүзді ме? Жоқ, Ол мүлдем олай емес! Ол – адамшылық көзқарастардың қайнар-көзі, елжіреген жүрегі қобалжуларға толы, Ол өтірікші бола алмайды! Мұндай бір адамның сөздері, табиғаттың өз қойнауынан жанамасыз түрде келген бір дауыс іспетті. Адамдар бірінші кезекте Оған құлақ асулары керек. Ал, басқа қаңқу сөздер, Оның алдында бос сөздер болып есептеледі».
Табиғаттың тылсым күшімен келген дауыс… Құран Кәрім тәпсірі және хадис шәріптері, ғалам кітабын оқу, әрі оны түсіндіруімен айналысады. Т. Карлейль, әлемнің тылсым күштері мен Ұлы Жаратушы атынан танытқан Пайғамбар сөздері арасындағы үйлесімділікті түсіндіреді.
«Ақылға қонымды сенім мен Хақ дінді тірілтуші»
Хз. Пайғамбардың (с.ғ.с.) иләһи және ғылыми тұстары мен сөздерінен басқа теңдесі жоқ реформатор болғанын француз жазушысы, саяси қайраткер Альфонс де Ламартин (Alphonse de Lamartine) былай білдіреді:
«Ешбір адам қалап немесе қаламай Одан басқа үлкен бір мақсатты жүзеге асыруға ниет етпеген. Ұлы мақсат… Өйткені, бұл – адамның қабілетінен тыс мақсат еді. Жаратушы мен жаратылыс арасындағы жалған наным-сенімдерді жою, Алланы адамға, адамды Аллаға тапсыру, пұтқа табынушылардың материалдық және жалған тәңірлерінен пайда болған абыр-сабыр ішінде, қасиетті әрі парасатты пікірін қайта қалыптастыру… Ешбір адам қысқа уақыт ішінде бұл әлемде осыншалықты зор әрі мәңгілік реформа жасай алмайды.
…Мақсаттың үлкендігі, қаражаттың аздығы мен нәтижеcінде түпкілікті шешім қабылдаған данышпан адам болса да, заманауи тарихтағы ең үлкен тұлғалардың өзін Мұхаммедпен (с.ғ.с.) салыстыруға кімнің дәті барады?
Танымал тұлғалардың әскерлері, заңдары мен императорлықтары ғана әрекетке бастаған. Не нәрсе құрса да, тек материалдық күштерге негізделген. Құрған нәрселері көбінесе өздерінен бұрын жығылып, жермен-жексен болды. Алайда, Ол (с.ғ.с.) – әскерлерді, құқық жүйелерін, императорлықты, қауымдарды, династиялар мен әлемнің үштен біріне тең миллиондаған адамды әрекетке шақырған».
«Философ, шешен пайғамбар, заң шығарушы, жауынгер, ұлы ойшыл пікірлердің негізін салушы, ақылға сыйымды сенімдер мен Хақ діннің тірілтушісі, сансыз әлем императорлығының, сондай-ақ рухани императорлықтың құрушысы – Мұхаммед (с.ғ.с.) осы!»
А. Ламартин, толғанысты әрі ақындық, шайырлық қасиетімен тілге тиек еткен бұл ақиқатты өте ыңғайлы түрде: «Адам ұлылығы өлшенетін барлық мөлшерде, қандай адам одан биік тұрмақ?!» деп жеткізеді.
«Барлық заманның ең үлкен көшбасшысы»
Алла Елшісінің (с.ғ.с.) осыншалықты ерекше қасиеттері мен адамзаттың асыл тәжі болған тұлға екенін тек Ламартин ғана емес, Чикаго университетінің профессоры Джулс Массерман (Jules H. Masserman) да мойындаған. Ол 1974 жылдың 15 шілдесінде «Time» журналында жарияланған «Көшбасшылар қайда?» атты мақаласында бірнеше танымал тұлғаға талдау жасайды. Мақаланы «Барлық заманның ең үлкен көшбасшысы – Мұхаммед (с.ғ.с.) болуы мүмкін» деп қорытындылайды.
Ол еврей ұлтынан болғанына қарамастан, Хз. Мұсаны екінші орынға қоюы өте назар аударарлық әрі жасаған қорытындысының туралығын дәлелдеп тұр емес пе?
«Әлем тарихының ең әсерлі тұлғасы»
Бұл жазбадан төрт жылдан кейін америкалық профессор Майкл Х. Харт (Michael H. Hart) әлем назарын өзіне аударған және тепкісін де көрген «Адамзат тарихының ең әсерлі 10 адамы» атты кітап жазды.
Бұл ғалым былай деп қорытындылайды: «Хз. Иса, не Хз. Мұса, я болмаса Маркс емес… Әлем тарихының ең әсерлі тұлғасы – Хз. Мұхаммед».
Хз. Исаны үшінші орынға қойған Х. Харт, христиан әлемінің тепкісі күшті болатынын білсе де, діни және дүнияуи жағынан ең жоғары табысқа ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жеткенін жасыра алмаған, сондай-ақ жасыру мүмкін емес екенін де білдірген.
Өйткені, оған Алла Елшісі Исламиетті жаюда дүнияуи қасиетін де сақтап, дүние мен ақырет тепе-теңдігін ең керемет түрде жеткізген. Сонымен қатар, басқа діндерге де ізгі құрмет көрсетіп, хақыларын қорғаған.
«Нағыз әділеттің жаршысы»
Дүние мен ақырет тепе-теңдігін, барлық тірі жанды кең құшағына сыйғызып, әділеттіктің туын ұстаған Хз. Пайғамбардың (с.ғ.с.) пікірі мен ғылыми қайнар көзі – қасиетті Құран Кәрім. Адам құқықтары жайлы зерттеу жүргізген француз саяси қайраткері Жильбер Лафайет (Gilbert de Lafayette), тебіреніспен былай дейді:
«Садағаң кетейін саған, ей Ұлы Араб!.. Нағыз әділеттің өзін тауыпсың».
Өткен ғасырдың танымал тұлғаларының бірі Шебол (Shebol), бұл әділет жүйесінің маңызы мен Батыстың қаншалықты кері қалғанын былай тілге тиек етеді:
«Мұхаммед (с.ғ.с.) – турашылдыққа бастаушы жан ретінде бүкіл адамзат онымен мақтанады. Өйткені ол оқу-жазу білмесе де, 13 ғасыр бұрын шариғатты әкеліп, біз, еуропалықтар екі мың жылдан кейін оның қадір-қасиеті мен ақиқатын түсінсек, ең бақытты адамдар боламыз!»
«Адамзаттың құтқарушысы…»
Хз. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әлемге сыйлаған шындығы мен әділеттілік туын ұстаған тәртібі әлемді қорғайтын жалғыз жол екенін алға тартқан ағылшын драматургі Бернард Шоу (George Bernard Shaw):
«Хз. Мұхаммедтің діні – бөлек-бөлек өмір сүрген адамзаттың барлық халықтарын өзіне тарта алатын құдіретті дін. Мен көріп тұрмын және сенемін, адамзаттың осылай деуі бұл өте маңызды:
«Мұхаммед – адамзаттың құтқарушысы әрі «құтқарушылық» атағы оған берілуі тиіс.
«Мұхаммедке тең келетін, оған ұқсас, яғни оның ахлағымен сай келетін бір адам қазіргі әлемге басшы болса, басқарса – бұл жаһанның мәселелері шешілетініне мен сенемін. Бұл алмағайып дүниеде қоғамдық татулық пен құтқарылуға, сондай-ақ бақытты өмір сүруге жол бастар еді».
«Осы заманның жалғыз бағыт-бағдар көрсетушісі»
Батыс капитализмі мен орыс революциясының әлемдегі зұлматтарын тек Хз. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әкелген реформасы «тазалайтынын» тілге тиек еткен Раймонд Леро (Raymons Lerouge), адамзатқа бағыт көрсеткен жалғыз Елшісін:
«Бұл үкімдер аталмыш екі төңкеріс жүйесінің одан әрі жайылуына кедергі болады. Бәлкім, бір күні екеуінің де құлдырауын түзететін жаңа бір форма қалыптастырар. Арадан 14 ғасыр өткеніне қарамастан, Хз. Мұхаммед осы заманның жалғыз бағыт-бағдар көрсетушісі әрі жалғыз хидаят елшісі» деп оны құп көргенін ашық түрде хабарлаған.
Социолог Д. Эратсен (D. Eratsen) болса, дінсіздікке қарсы жалғыз cақшы Хз. Пайғамбардың (с.ғ.с.) болғанын былай жеткізеді:
«Мен Хз. Мұхаммедке бас июшілерденмін. Азат ұлттардың қарсысында тұратын дінсіздік пен коммунизмнің, тек Хз. Мұхаммедтің көрсеткен принциптерін ұстана отырып, алды алынады».
«Изм»-дерден құтылып, Елшіге құлақ асу қажет»
Адамзат сенімі мен қадір-қасиетін сақтап қалатын болса, енді «изм»-дердің құрсауынан шығып уақыт өткізбей соңғы Елшіге құлақ асып, мойынсұнулары қажет. Өйткені ол, шығыстанушы Джейн Пелоның (Jane Pelo) көзқарасы бойынша, «өз өмірінің бұлағын нағыз ақиқатқа айналдыра отырып, өресі биік тәнті болған саны аз бақтиярлардың бірі».
Аталмыш ғалым мына сөздері арқылы ар-ожданына құлақ асады:
«Адам бұл адамға қатысты үкім шығаруға тырысқан кезде, онда бір Жаратылыстың шабытты құрметі болғанын, тіпті, cүйіспеншілік сезімдерінен басқа ештеңе сезіне алмайды».
«Әлем құдіретті кемеңгерді бір рет көрді, бұдан кейін көре алмайды…»
Мұндай құрмет пен сүйіспеншілікті бұдан да айрықша жеткізген неміс қоғам қайраткері Отто фон Бисмарктың (Otto von Bismarck) сөздеріне алып-қосарымыз жоқ:
«Мен Мұхаммедтің (с.ғ.с.) таңдаулы құрмет иесі екеніне өте сенімдімін. Жаратушы осындай Ұлық тұлғаны жаратуы – ықтималдылық емес. Сенің ғасырыңда өмір сүре алмағаным үшін қатты өкінемін, ей Мұхаммед!.. Ұстазы мен жаюшысы болған бұл қасиетті кітап – Алланікі. Мұның иләһи болғанын жоққа шығару – позитивті ғылымдардың ырымшыл болғанын алға тартқаны сияқты қисынсыз. Сондықтан адамзат сен секілді ерекше құдіретті кемеңгерді бір рет көрді, енді бұдан кейін көре алмайды. Сенің айбарлы құзырыңа тағзым етіп, құрметпен басымды иемін!»
Дайындаған Руслан БЕГЕН
Қарсы айтқандардың сөзін қосса біраз болсын обьективті болар еді.