Бүгінгі таңда азаматтарымыздың шетелде діни білім алуына қатысты мәселе өзектілігін жоғалтпауда. Бұл жағдай білім алушының күмәнді оқу орындарында білім алу арқылы радикалдану қаупінің туындауына алып келу мүмкіндігі бар.
Тарихқа қысқаша шолу жасауда пайда бар. Атеизм идеологиясы басым болған Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елімізде діниге деген қызығушылықтың айтарлықтай артқанын «рухани ренессанс» деп аталатын құбылыстан көре аламыз. Нәтижесінде сыртқы әлеммен белсенді өзара әрекеттестік, оның ішінде мұсылмандардың ислам елдеріне барып, сол жерде діни білім алу мүмкіндігі де пайда болды. Сондай-ақ діни білім алу көбінесе тегін болғанын, ал бұл өз кезегінде қазақстандықтардың басым бөлігінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы айтардықтай нашар болған кезеңде барынша жауап алғанын атап өткен жөн болар. Өйткені КСРО-ның тарауымен жұмыссыздық та белең алып, көптеген жұмысшы жастар жұмыссыз қалған болатын.
Қандастарымыздың шетелде білім алған соң елге жат, ұлттық рухани құндылықтарға қайшы келетін дәстүрлі емес діни идеологияны алып келуі қалыпты жағдайға айналды. Уақыт өте келе, тәжірибе көрсеткендей, бұл елдегі діндар азаматтардың жіктелуіне, халықтың рухани бірлігінің бұзылуына, халықтың жекелеген топтары арасында идеологиялық қарама-қайшылық пен қақтығыстардың туындауына алып келді. Бұрындары өздеріне тыйым салынған ислам әлеміне белсенді түрде бара бастаған қазақстандықтар алуан түрлі ағымдармен, идеологиялық және діни қайшылықтармен бітпе-бет келді. Олар ислам туралы дәстүрлі түсінік болмастан және өздерінің діни дәстүрлеріне сүйенбей білім алуға ұмтылды.
Жалпы алғанда, шетелдік оқу орындарын екі тұрғыдан қарастыру дұрыс болар. Біріншіден – еліміздегі мұсылмандарға дәстүрлі бағыт-бағдар беретін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ресми түрде меморандумға отырған белгілі бір оқу орындары. Екіншіден – ҚМДБ-ның олармен меморандумы жоқ діни оқу орындары. Тиісінше, діни білім алу үшін ҚМДБ меморандум жасасқан оқу орындарына түсуге болады. Өйткені олардың тәрбиесі дәстүрлі дінімізде жатыр. Шет елдердің күмәнді оқу орындарында білім алған студенттер консулдық тіркеуден өтпей, сол елдегі Қазақстан елшілігіне де хабарласпайды. Мұндай оқу орындарына айналма жолдар арқылы және экстремистік ұйымдардың ықпалында болған азаматтардың лаңкестік әрекеттерге баруы да ғажап емес.
ҚМДБ ұсынған оқу орындарының арасында Мысырдағы әл-Азхар университеті, Стамбул университеті, Мармара университеті, Анкара университеті, Селжұқ университеті, Хасеки институты, Өзбекстан халықаралық ислам академиясы, Ресей ислам институты, Мәскеу ислам университеті мен Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы халықаралық ислам университеті бар. Аталмыш осы оқу орындарында қазақстандық жастардың діни білім алуына болады. Бұл діни оқу ордалары діни басқармамен келісім-шарты бар. Бұл жердегі алынған діни білім еліміздегі насихатталып жатқан дәстүрлі дінмен ұштасады.
Сонымен қатар, еліміздің тарихымен түйіспейтін, ұлттығымызбен ұштаспайтын көптеген шетелдік діни оқу орындары бар. Ол университет немесе белгілі бір ғимарат, тіпті «хужра» деп аталатын кішігірім білім беру мекемелері болуы мүмкін. Мұндағы білім елімізде бағзыдан келе жатқан дәстүрімізбен келіспейтін де тұстары болуы әбден мүмкін. Оған дәлел діни білімін шетелдегі діни оқу орындарында тәмамдап, елге оралған, уағыз-насихат айтуына заңмен тыйым салынған азаматтарды айтуға болады.
Қазіргі таңда еліміздің егемендігіне біршама жылдар болды. Осы жылдары діни білім беретін медреселер, университеттер, сондай-ақ теолог мамандардың көбеюі шетелде діни білімін шыңдаудың қажеттілігін азайтуда. Өйткені асыл дінімізді «ұстай алсақ – қасиетімізге» айналдыруға мүмкіндігіміз жеткілікті. Оқу орындарымыз елдегі тарихи тұрғыдан қалыптасып келе жатқан дінге дәстүрлі форманы қоса отырып түсіндіреді. Ал бұл, өз кезегінде, шетел аспай-ақ елімізде діни білімнің «жарамды» екенін көрсетеді.
Алматы Орталық мешітінің наиб имамы
Руслан Қайыргелді