Дін саладағы мемлекеттік реттеудің сапасын арттырып, өзекті мәселелерді шешу үшін Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017–2020 жылдарға арналған Тұжырымдамасы қабылданды.
Аталған Тұжырымдама негізінде біраз уақыт жалпы талғылауға түсіп, келісе пішілген заңнамалық өзгерістер жобасы дайындалған болатын. Нәтижесінде күні кеше ғана ҚР Парламентінің Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасының таныстырылымы өтті.
Заң жобасы аясында барлығы 12 нормативтік заңнамалық актілерге 53 өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Заңнамада елімізде діни білім беру жүйесін реттеу, жасжеткіншектерді діни қызметке заңсыз тартуды алдын-алу, діни әдебиеттерді тарату тәртібін бір ізге қою және т.б. мәселелерді шешу қарастырылған.
Жоғарыда аталғандай Заң жобасында Қазақстан азаматтарының шетелдерде діни білім алуын реттейтін жаңа норма ұсынылды.
Жалпы алғанда жастарымыздың озық технологияларды меңгеріп, ел-жер көріп, сырт елдерде білім алуы әрине құптарлық іс, алып та жүр. Бірақ нақты діни білім алу мәселесінде қырағылық танытқанымыз абзал. Олай дейтініміз, діни білімнің құндылықтар жүйесі мен болмысқа қатысты тұстары өте маңызды.
Сондықтан шетелдерге діни білім алуға кеткен, бұғанасы әлі бекімеген жастардың потенциалды қауіптің көзіне айналуы әбден мүмкін. Олардың дін емес, сол елдің діни танымын, діни тәжірибесін, діни санасын сіңіріп алуы қауіпі зор. Бұл қай елде діни білім алуға барса сол елдерде алған діни танымы арқылы сол елдің ұлттық мәдени құндылықтарын, діни тәжірибесін сіңіріп, оны елге әкеліп таратуы әбден мүмкін дегенді білдіреді.
Мәселен егемендік алған алғашқы жылдардағы емін-еркін шетелге діни білім алуға барып келген жастардың танымына қарасаңыз, олардың әлі күнге дейін дінді ғылыми тұрғыдан ой елегінен өткізуде дәрменсіздігін, дін мен шариғат, зайырлы заңдар мен шариғи заңдар, зайырлылық пен дін, діни тәжірибе мен діни сана аражігін ажырата алмайтындығын аңғаруға болады.
Сондықтан да бұл мәселеге төтесінен тосқауыл қоймасақ, өз бетімен шетелдерге діни білім іздеп кеткен жастарды, кейбір шетелдердегі тәжірибелер сияқты оларды арнайы бағдарламамен қайта оқытуға тура келеді. Бұл мемлекет үшінде, сонша жылын сарпып келген студент үшінде еш пайдасыз болмақ.
Сондықтан заңнамаларға енгізіліп отырған өзгертулер мен толықтыруларға сәйке, бакалавр яғни білім берудің бастапқы сатысы міндетті түрде еліміздегі діни білім беру стандарттары арқылы беріліп, содан кейін барып арнайы белгілерген шетелдік жоғары оқу орындарында магистратура немесе докторантура бағдарламаларымен білімдерін жалғастырса құба-құп болмақ.
Аталған заң жобаларына сәйкес жастардың шетелде діни білім алу мәселесі мемлекет тарапынан реттелетін болады.
Нақтырақ айтқанда, заңнамалық өзгерістер шетелде діни білім алғысы келетіндерге бірқатар талаптар қоюда. Жоғары діни білімді Қазақстанда алған мамандар ғана шетелде діни білім алуға мүмкіндік туады. Яғни, діни сауаттылық деңгейі қалыптасқан тұлғаларға ғана рұқсат беру арқылы біз жастардың және қоғамның діни қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмақпыз.
Жастардың қоғамды жаңарту мен дамытудағы инновациялық рөліне басымдық бере отырып, олардың белгілі бір теріс күштердің құралына айналып кету қаупін алдын алу басты борышымыз.
А.Әбуов,
Ф.ғ.д., профессор