Көптілділік қашанда әлемдік трендте екені белгілі. Осыған орай, «Нұр-Мүбарак» университетінде «Шетел тілін үздік білетін студент» атты республикалық дарынды жастар сайысы ұйымдастырылды.
Білім бәйгесіне еліміздің 9 жоғары оқу орнынан 13 студент қатысып, өзара бақ сынады. Қазақтан және Мысыр елдерінің әнұранымен басталған алқалы жиында алғы сөз сөйлеген ректор, профессор Мұхаммад аш-Шаххат көптілділіктің артықшылығы мен мүмкіндіктеріне тоқталып, осы бағытта білімін шыңдап жүрген жастарға сәттілік тіледі.
«Қанша тілді меңгерсең, сонша елді танисың» демекші, ағылшын және араб тіліне жүйріктіктерін сынау үшін әл-Фараби ат. ҚазҰУ, ХАТУ, Абылайхан ат. ҚазХҚӘТУ, Абай ат. ҰПУ, С.Демирель университеті, Д.А.Қонаев ЕЗА, Т.Жүргенов және «Нұр-Мүбарак» университетінің жеңімпаз студенттері қатысты.
Жүйріктер арасынан тұлпарларды анықтауға университеттің оқытушы-профессорларынан құралған қазылар алқасы және әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нен PhD докторы Данель Қарағойшиева тәуелсіз сарапшы ретінде қатысты. Үміткерлер ағылшын және араб тілдерінен үздік номинациялар бойынша 4 кезеңнен тұратын сайыстан өтті:
1) «Менің мамандығым» тақырыбына үй тапсырмасы;
2) араб және ағылшын тілдерінде мәтінмен шығармашылық жұмыс;
3) ағылшын және араб тілдерінен грамматика деңгейі;
4) Қазақстанның көрнекті орындары жайлы мәтін дайындау.
Араб тілінен 5 студент арасынан «Нұр-Мүбарак» университетінің 1-курс студенті Хайрол Нұрахмет «Араб тілін үздік білетін студент» номинациясын жеңіп алды.
Ал ағылшын тілі бойынша «Нұр-Мүбарак» университетінен Хайрулла Фархадали мен СДУ студенті Алиева Амина екеуі үздік деп танылды. Жеңімпаздарға 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етіліп, барлық қатысушыларға арнайы сертификат пен сый-сыяпат жасалды.
Сайысты ұйымдастырушы НМУ Жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі филол.ғ.к., қ.профессор Дариға Қапасова сайыстың мақсаты дарынды жастарды қолдау болғанын атап өтті. Білім бәйгесінде жасардың тілге жүйріктігімен қатар, жан-жақтылығы да назарда болған.
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі