Жуырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің алғысөзімен бұқаралық ақпарат құралдарына, аудармашылар мен сауатты сөйлеп, жазамын деген кез келген адамға арналған “Сөзтүзер” кітабы жарық көрді. Идея авторы ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев. Кітапты жеті маманнан тұратын топ құрастырып шықты. Осы орайда Массагет порталы бұл жобаның жетекшісі ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлымен кітап туралы әңгіме өрбітті.
– “Сөзтүзер” кітабының жоба жетекшісі ретінде бұл кітаптың қоғамға, әсіресе, журналистерге тигізетін пайдасын айта кетсеңіз?
– Жазу, сөйлеу мәдениетіміздің төмендеп кеткені жасырын емес. Бұл жөнінде филолог ғалымдар, жазушылар мен журналистер мәселе көтеріп, айтып та, жазып та келеді. Тілді қолдану, жазу, сөйлеу жауапкершілігін аса сезінбейтін адамдар қатарының артуы жақсы құбылыс емес. Мұндай үрдіс белең ала берсе, ұлт мәдениетінің өркендеуіне зор нұқсан келтіреді.
Ал бұқаралық ақпарат құралдарының ұлт тілінің қоғамда қолдануына ықпалы өте зор. БАҚ тіліне алдымен назар аударылуы осымен байланысты. Қоғамның санасына ерекше әсер ететін бұқаралық ақпарат құралдарының тіліне жете назар аударып, кемшіліктерін уақытылы түзетіп отырмаса болмайды. БАҚ арқылы күнде айтылып, жазыла берсе, кез келген жаңсақ, қате сөз қолданысы көпшіліктің санасына сіңіп кетеді.
Бұл сөздік соған жол бермей, тіл тазалығын, әдеби норманы сақтау үшін жасалып отыр. Кең тарай бастаған немесе жекелеген мамандардың тілінде қолданылып жүрген 2 мыңнан аса қате қолданыс жиналды. Олардың неге қате деп есептелетіні лингвистикалық тұрғыдан түсіндірілді. Ондай жаңсақ қолданыстарды тілдік нормаға сәйкес қалай жазу, айту керектігі көрсетілді.
Кез келген сөздікті пайдаланушы қатені көріп қана қоймай, оны қалай түзету керектігін де көре алады. Сөздіктің практикалық құндылығы да осы. Сондықтан сөздікті тек журналистер ғана емес, іс жүргізуші, аудармашы басқа да кез келген сауатты жазып, сөйлегісі келетін маман қажетіне жарата алады деп ойлаймыз.
– Кітап қанша данамен шықты, сатылымда жоқ деп жатыр екен, қайдан сатып алуға болады?
– Әзірге таралымы 500 дана ғана. Алайда, жыл соңына дейін ҚР Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті тарапынан сөздікті көп таралыммен шығарып, барлық БАҚ-қа, баспаларға, кітапханаларға тарату жоспарланып отыр. Оның сыртында сөздіктің электронды нұсқасы арнайы сайтта орналастырылатындығы да айтылды. Сондықтан жоспарланған жұмыс уақытылы орындалса аз уақыттан соң бұл сөздік қолжетімді құрал болады деуге болады.
– Қазір журналистердің сөзді қате қолданатыны айтылып жүр. Бұл өтірік емес әрине. Бірақ, сөздің қате жазылуында журналистер ғана емес, блогер, вайнерлер де көп рөл атқаратын сияқты. Себебі жастар журналистерден гөрі соларды жиі оқиды.
– Бұл сөзіңіздің жаны бар. Блогер, вайнерлердің айтқан-жазғандарын сөз етсек, мәселе тіпті күрделене түседі. Ол бөлек әңгіме. Оларды кәсіби журналистермен қатар қойып қарап отырған жоқпыз. Әлеуметтік желілердегі сөзқолданыс сапасының құлдырауына, жастардың тіліне олардың қосып жатқан “үлесі” жөнінде арнайы сөз қозғаған жөн.
Онымен қоса көптеген сайт пен порталдағы қазақша мәтіндер сапасы сын көтермейді. Жақсылары да бар, бірақ көп емес. Біз, “Сөзтүзерді” құрастырған тіл мамандары қате қолданыстарды ең танымал республикалық БАҚ-тан жинадық қой. Сондықтан тілдегі жаңсақ қолданыстарға, қателерге журналистердің еш қатысы жоқ деп те айта алмаймыз. Тілді жақсы білетін білікті журналистер де бар екені белгілі.
Дегенмен журналист мамандарды дайындау кезінде тілді оқытуға, дұрыс жазуға, әсіресе, теле-радиожурналистерді орфоэпия нормаларын сақтап дұрыс сөйлеп үйретуге баса көңіл бөлген жөн деп ойлаймыз.
– Кейінгі уақытта сөздің БАҚ бетінде қате жазылуына не себеп болды? Біліксіз журналист пе, әлде ақпарат пен технология жарық жылдамдығындай дамыған заманда сайттағы т.б тілшілер қауымы асығыс жазамын деп қате жібере ме?
– Адамның қатесіз, сауатты жазуы технологияның дамуына тіреліп тұр деуге болмас. Пернетақта сіз не терсеңіз, қандай тыныс белгі қойсаңыз соны алдыңызға, мониторға шығарады. Ол бар болғаны қаламның орнын алмастырып отырған құрал.
Уақыттың тығыздығы да негізгі себеп емес. Асығып-үсігіп, шала-шарпы дүние жазғанша, берілген уақытты тиімді пайдалана отырып аз да болса саз, сапалы мәтін түзуге болады. Сондықтан айналып келгенде қатесіз, сауатты жазу – қалам ұстаған маманның тілді білу деңгейіне, сауаттылығына, кәсіби дайындығына тікелей байланысты.
Бетің қисық болса айнаға, қаламың қисық болса, қағазға өкпелеудің жөні жоқ. Бізге ең алдымен білікті маман даярлауға, одан соң бар мамандардың арасынан озық тұрғанын іріктеп, таңдап алуға үйрену керек сияқты. Біз жазу, сөйлеу мәдениеті төмендеуінің, сауаттылық деңгейі құлдырауының басты себептері, негізгі кілтипаны осында жатыр деп ойлаймыз.
Сонымен қатар біз бір тілді жетік біліп үлгермей жатқан жас ұрпаққа екі-үш тілді қатар меңгерту міндетін қойып отырған елміз. “Екі-үш тілді қатар меңгеріп, көптілді боламыз” деп жүргенде қазақ өз тілін шала, үстірт білетін, қойыртпақтап сөйлейтін, тілі жұтаң жұртқа айналып кетер ме екен деген қауіп бар.
Қоғамда адал бәсеке, мықты мамандарға деген шынайы сұраныс болса, сапа да артады. Ал жауапсыздық, теңгермешілік, әділетсіздік, адал бәсекенің болмауы – қоғам дамуын, сапаға қол жеткізуді тежейді. Бұл БАҚ саласына да қатысты.
Мамандарды даярлауға қандай жоғары талап қойсақ, оларды іріктеп алуға да сондай жауапкершілікпен қарау керек. Түрлі себептерге байланысты бізде осы екеуі де ақсап тұр. Мұны түзеп алмай тұрып, кәсіби біліктілік, жоғарғы сапа, дамыған сөз мәдениетіне қол жеткізу қиын деп ойлаймыз.
– Бұл кітапты дайындауға қанша уақыт кетті?
– Сөздік барынша қысқа мерзімде дайындалды. Газет-журналдар мен радио, телеарналардан, сайттар мен порталдардан қате қолданылған сөздер мен сөз тіркестерін, дұрыс құрылмаған сөйлемдерді, емле мен тыныс белгі қоюдағы қателіктерді жинауға 2 ай кетті. Қаңтар, ақпан айларында осы іспен айналыстық. Наурыз, сәуір айларында жинақталған материалдарды сараптап, қорытып, сөздік мақалалар жаздық. Мамырда жазылған мақалаларды өзара талқылап, құрастырылған сөздікті редакциялап, рецензиядан өткізіп, баспаға тапсырдық. Сонда негізгі жұмысқа 4 ай, ал аяқталған жұмысты баспаға әзірлеуге 1 ай уақыт кетті. Сонымен бұл сөздік бас-аяғы 5 айда жасалды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Т. РАУШАНҰЛЫ