Сұрақ: Шек беру шариғатта бар ма?
Жауап: Қазақ халқының дәстүрінде арапа күні қайтыс болған ата-бабалардың атынан құрбан шалынып, шек береледі. Шек беру шариғатта бар ма деген мәселеге келер болсақ, қайтқан кісілердің атынан құрбан шалып, оның сауабын әруақтарға бағыштау негізі шариғатқа қайшы емес. Мысалы, діни деректерде әзіреті Әлидің (р.а,) Құрбан айтта өз атынан және Алла Елшісінің (с.ғ.с.) атынан да құрбан шалғандығы (Әбу Дауд, Дахая, 2790) айтылады.
Жалпы, қайтқан кісі үшін жария садақа жасалынып, артынан пайдалы ілім қалып, салиқалы ұрпақтары дұға жасаса (Муслим, Уасиет, 14. Әбу Дауд, Уасая, 14), ол амал дәптеріне сауап жазылатыны хадистерде айтылған.
Қазақ халқы арапа күні ата-бабасының атынан құрбан шалып, шек бергенде, Құран оқытып, марқұмдардың ақыреттегі жағдайы үшін дұға-тілек жасайды. Сол себепті, о дүниелік болған ата-бабаларымыз үшін шек беруді шариғатқа қайшы деп айта алмаймыз. Бірақ, бұл шариғаттың бұйрығы емес. Қайтқан кісілер үшін құрбан шалу – нәпіл амал болып есептеледі.
Ал, неге арапа күні шек беріледі дегенге келер болсақ, Алла Елшісі (с.ғ.с): «Ең жақсы дұға – арапа күні жасалған дұға» (Бәйқахи) деген. Сондай-ақ, Алла Елшісі (с.ғ.с) келесі бір хадисінде: «Жұмақтың қақпалары мынадай төрт түнде ашық болады: Ораза айттың алғашқы түні, Құрбан айттың алғашқы түні, Бәрағат және Арапа түнінде» (Исфахани) дейді. Яғни, Қазақ халқы ата-бабалар үшін құрбан шалуды дұға тез қабыл болатын арапа күніне бекерден бекер таңдамаған. Арапа күнінің діни артықшылықтарын білгендіктен де, осы күні қайтқан кісілер үшін Құран оқытып, оларға дұға жасап, шек берген.
Мұхан ИСАХАН