Қазіргі таңда ұмыт болуға айналған қолөнер, салт-дәстүрлер қайта жанданып келеді. Тіпті, кәсіп көзі еткендер де баршылық. Соның бірі – ісмер-тігіншілер. Бұл өнерді насихаттап, ұлттық әрі заманауи нақышта құрақ құрап, көрпе тігумен айналысып жүрген жетісулық ісмер Назира Қуатбекқызы Байсалбаевамен әңгімелескен едік.
– Назира Қуатбекқызы, өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз және бұл өнерге қалай келдіңіз?
– Туған жерім қазіргі Жетісу облысы Ақсу ауданы Матай станциясы. Алматы қаласындағы М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын тәмамдадым. Мамандығым – теміржолшы. Бастапқыда мамандығым бойынша жұмыс істедім. Бірақ, сол жұмыс орным жабылып, басқа орталыққа ауысуына байланысты уақытша жұмыссыз қалдым. Өзім көпбалалы ана болғандықтан үйде бос ұзақ отыра алмадым. Содан осы құрақ құрап, көрпе-жастық тігуге көңілім ауып, жасап үйрене бастадым.
Бұл өнер жастайымнан көріп өскен сала болғандықтан, ісмерлікпен айналыссам деп тәуекел еткен болатынмын және 2019 жылдан бастап айналысып келемін. Бұл кәсіпке келуіме жұмыссыз қалуым себеп болды.
– Бұл өнер сүйікті ісіңіз бе, әлде атадан қалған мұра ма?
– Бұл өнерді жастайымнан анамнан көріп, үйреніп өстім десем артық болмас. Себебі анам бала кезімізде құрақ құрап үйретпесе де, көрпеге жүн, мақта салып қабуды үйреткен болатын. Көбінесе анам үйде отырғанда еңбек етіп, көрпе тігіп отыратын. Сондықтан бұл іспен алғаш айналысуыма ешқандай қорқыныш, кедергі болмады. Себебі, жас кезімде анамның үйреткені мен үшін үлкен тәжірибе болды.
Алғашында құрақ көрпелерді әлеуметтік желілерден көріп, босқа қарап отырғанша «өзім де айналысып көрейін» деп, ісмерлікті өте қызығушылықпен бастадым. Міне, қазір сол еңбегімнің жемісін көріп жатырмын, бұл үшін анама алғысым шексіз.
– Бұл бұйымның қандай түрлері бар және оны әзірлеуде не нәрсеге мән берген жөн?
– Көрпенің түрлері өте көп. Мысалы, мен айналысып жүрген түрлер: құрақ көрпе, ою көрпе, төр көрпе, шәй көрпе, құдағи көрпе, жұбайлар көрпесі, бөстек көрпе. Және олардың атауы жасалған құрағына қарай жәй және күрделі құрақ көрпелер деп бөлінеді.
Көрпе әзірлеуде ең алдымен матаның түріне, сапасына және әдемілігіне мән беремін. Көрпенің сапалы матадан сапалы түрде дайындалуы мен тігілуі өте маңызды.
– Қажетті материалдарды қайдан аласыз және олар нарықта қолжетімді ме?
– Иә, негізі көрпелердің жақсы шығып, әдемі болуы және ұзақ уақыт қолданысқа жарауы матасына да байланысты. Алғаш бастаған кезде матаның көптеген түрін қолданып, тігіп көрдім. Қазіргі уақытта материалдарды Талдықорған қаласындағы арнайы мата дүкенінен аламын, ол жерде маталардың түрі өте көп, бағасы да қолжетімді.
– Дайын өнімдерді қалай және қандай жолмен өткізесіз?
– Бұл кәсіппен айналысып жүргеніме 5 жылдай уақыт болды. Аллаға шүкір, табыс тауып жүрмін. Көбінесе адамдар Instagram әлеуметтік желісі арқылы тапсырыс береді. Әзірлеген көрпелерімді парақшама жариялап отырамын. Қазіргі таңда әлеуметтік желі арқылы жасаған дүниелерді халыққа көрсетіп, таныту керемет мүмкіндік болып тұр. Клиент желі арқылы көріп, таңдап өзі хабарласады. Бұрынғыдай қиналып, уақытты базарда өткізіп, дүкендерде тұрмай-ақ сатуға болады. Бүгінде онлайн саудамен кез келген жерде айналысу мүмкіндігі бар, тек интернет болса жеткілікті.
– Шәкірттеріңіз бар ма?
– Кеңес сұрап, үйренем деген жастарға көмектесіп, тәжірибеммен бөлісіп отырамын. Қазіргі уақытта 3 айлық нәрестем болғандықтан, шәкірттермен жұмыс істеуге артық уақытым болмай жүр. Тек тапсырыстар қабылдаймын. Дегенмен, «үйренем, қолымнан келеді» деп келіп жатса, құрақтың түр-түрін, көрпе тігудің қыр-сырын үйретуге дайынмын. Тек істейтін жұмысын барынша жан-тәнімен ұнатуға тиіс.
– Бұл өнермен айналысу кезінде отбасыңызға, жұмысыңызға кедергі келмей ме?
– Көрпе құрақтарын үйден құрап жасаймын. Отбасымның жанында болғандықтан, олар барынша қолдап, қолдарынан келгенше көмектесіп тұрады. Балаларым әлі кішкентай, кейде көрпе тігуге уақыт тапшылығы да болады, әрине. Кейбір түрлі кедергілер болғанымен, бірақ бәрібір сүйікті ісіңмен айналысқанға ештеңе жетпейді. Ісімнен ләззат аламын…
–Ісмер-тігіннің қандай қиындығы мен қызықтары бар?
– Кез келген істің қызығы мен қиындығы болады. Көрпе тігу, оның ішінде құрақ көрпені тігу үшін аса сабырлық қажет. Себебі, ұсақ мата қиындыларынан кереметтей бір туынды жасап шығу – нағыз өнер. Бастапқыда тәжірибем аздау болғандықтан маталарды дұрыс қимай, құрақтарым қисықтау болып сәл қиналған кездерім де болды. Сонда да іштей тігуге деген қызығушылық мені алға жетелеп тұратын. Бірақ, бәрі де уақыт өте келе түзеледі, тәжірибе жинақтайсың дегендей… Құрақ құрауда ең қызық әрі күтетін нәрсе – тапсырыс берушінің алғыс білдіруі. Қанша еңбектеніп әзірлеген көрпең сәтті аяқталып, тапсырыс берушіге ұнаса және оның алғысын алу қуаныш сезімге бөлейді.
– Кәсіпкерлерге арналған грант алып көрдіңіз бе?
– 2021 жылы «Бизнес бастау» жобасына қатысып 580 мың теңге грантын ұтып алдым. Бұл мен үшін өте үлкен көмек болды. Өзіме қажетті кестелеу машинкасын сатып алдым. Қазір таңда қолыңнан келетін істі бастаймын десең мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамытуға арналған қолдаулары аз емес. Сондай-ақ жаңадан кәсіп бастаймын немесе кәсібімді одан әрі дамытамын деген жандарға мүмкіндіктер де көп. Мұндай мемлекеттік жобаға алғысым зор.
– Ісмерлікпен айналысам деушілерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Ісмерлікпен айналысқысы келген жандарға айтарым, ең алдымен тәжірибе жинақтау және қорықпай бастап кету керек. «Әрекетке – берекет» дегендей, Жаратушы ие береді қалаған нәрсені.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– «Мақсатсыз адам – қанатсыз құспен тең» демекші, болашақта көрпе тігетін цех ашқым келеді. Мақсатым орындалып тігін цехын ашсам, өзім секілді үйде отырған жұмыссыз әрі көпбалалы аналарға жұмыс орнын ұсынар едім. Әрі шәкірт тәрбиелеп, қыз-келіншектерді өнерге баулығым келеді. Өзім де бұл білгеніммен тоқтап қалмай, құрақтардың басқа да түрлерін үйреніп, қолөнерді дамытсам деген ойдамын.
Қазақ халқында ісмерлік ұшы-қиыры жоқ өнер. Қазақи ұлттық нақышты дамыту әрбір қазақ аруының қолынан келетін нәрсе деп ойлаймын. Сол арқылы тынбай еңбек етіп, оның нәтижесін көру бір бақыт!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Сабина КӘКІМЖАН
P.S. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз.» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі.
Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр.
Осыған орай, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуде ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.