«Шебердің қолы – алтын». Бұл сөз түрлі ағаштан бұйым жасауды жаңғыртып, ұлтымыздың өнегелі өнерін дамытып жүрген қызылордалық Пахриддин Садықовқа қатысы бар. Өйткені қолөнер шебері бүгінде көрсе көз қуантарлық туындыларды жасап, оны сатумен айналысады. Сондай-ақ шебер түрлі көрмеге қатысып, дүниелерін жұртшылық назарына ұсынады. Тіпті, оның туындыларын Сыр өңіріне сапарлап келген шетелдік туристер де сатып алады. Осы орайда біз қазақтың төл өнерін көпшілікке насихаттап жүрген Пахриддин Шәмшідінұлы Садықовпен әңгімелескен едік.
Қазақтың қоңыр әуенін сағынсақ, бірден қобыз аспабы ойымызға оралады. Себебі бұл аспапта өзгелерде кездеспейтін ерекше үн құдіреті бар. Бүгінде Пахриддин Садықов Қорқыт бабамыздан қалған мұра ретінде қылқобыз жасаумен айналысып келеді.
Ол ағаштан ою ойып, мүсіннен өрнек салады. Оған қоса шебер қобыз бен домбыраны және қазақтың қара шаңырағы – киіз үйді мүсіндеумен де айналысады.
– Біз 10 ағайындымыз. Бүгінде барлығымыз да шығармашылық салада жүрміз. Ал ата-бабаларымның арғысы халық ақыны, бергісі шешен болған. Жалпы менің «университетім» әкем мен шешем. Әкем Шәмшідін – барлық өнерді бір бойына жиған кісі. Қолөнер шеберлігі әкемнен меңгерген ісім. Алайда қазіргі кәсіптің шыңына жеттім дей алмаймын, әлі де үйренерім көп. Меніңше, өнердің ең биік шыңына жету мүмкін емес. Өйткені адам әрқашан үйрену жолында болғаны жөн санаймын. Мектепте – Бәрзау Шәмиев, училищеде – Үмбет Абибуллаев атты ұстаздарым да болды, олардан көп нәрсе үйрендік, – дейді шебер.
Пахриддин Садықов бұл өнерге бала кезінен қызыққан. 1990 жылдан бастап түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, шеберлігін шыңдап келеді. Бүгінгі таңда халқымыздың көнеден келе жатқан ағаш өнері, мүйіз бен теріні өңдеп, іске жарату кәсібімен шұғылданады. Сондай-ақ шеберлігін шыңдай келе ағаштан үй жиһаздарын жасайды. Осылайша бойындағы өнерін кәсіпке айналдырған.
Шебердің осы іспен айналысып келе жатқанына биыл 30 жыл толады.
– Бұл іске 1997 жылы білек сыбана кірісіп, түрлі шеберлік байқауларына дайындалғаным әлі есімде. Сол кезде Шауғар қаласының 1500 жылдық мерейтойы өтетін болды. Ести сала бірден дайындық жұмыстарын бастадым. Оған шамамен үш жылдай уақыт кетті. Содан 2000 жылы мерейтойға қатысып, жасаған қолөнер бұйымдарыммен жүлдегер атандым, – дейді қызылордалық қолөнерші.
Осыдан кейін шебер шамамен бес жылдай уақытта көздің жауын алатын дүниелерді жасап, өнерін одан сайын шыңдай түседі. Бұл іске құлшынысы оянып, шебер оны жан-жақты меңгере бастайды. Ал 2004-2005 жылдары Қызылордада өткен «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты фестивальге қатысады. Сол уақыттан бастап ол қолөнер бұйымдарын жасауды кәсіпке айналдырып, оны нәсіп етіп отыр.
Бір ерекше атап өтерлігі, шебер жасаған барлық бұйымына қобыз аспабын кірістіреді. Осының сырын өзінен сұрап білген едік.
– Ата-бабадан мирас болған қобыз аспабы қолөнерімен қоса, халқымыздың әдет-ғұрпын, болмысын, жеті қазынасын, жеті атасын, төрт түлігін және т.б. жан-жақты көрсетуге болады. Тіпті дүниежүзіндегі кереметтің барлығын осы аспапқа сыйғызсақ, артық болмас. Мәселен, бұл аспаптың астыңғы және үстіңгі шанағына, басына «шексіз» деген ұлттық өнерді салуда өзіндік мән жатыр. Ол арқылы құндылықтың шексіз екенін түсіндіреміз. Өйткені қазақтың ою-өрнегінің мағынасы шексіз болып келеді, – дейді Пахриддин Шәмшідінұлы.
Қызылордалық шебердің үйінің жанында шағындау шеберханасы бар. Оның ішінен қабырғаға қаз-қатар тізілген жасаған дүниелерін көруге болады. Пахриддин Шәмшідінұлының айтуынша, қобыз аспабынан шығатын үн оған қолданылатын ағаштар мен төрт түлік малдың қылына тікелей байланысты.
– Қазіргі кезде кәдесый ретінде ғана жасап жүрмін. Арнайы тапсырыстарды да қабылдаймын. Бүгінгі таңда бұған жұрт тарапынан сұраныс бар, Аллаға шүкір. Әсіресе өнер адамдарынан, музыканттардан, жеке қобызшы өнерпаздардан сұраныс болады. Тағы бір айта кетерлігі, мен бір кездері үй жиһаздарын істеп, оны сатумен де айналыстым, – дейді ол.
Шебер айына шамамен үш-төрт бұйымға тапсырыс қабылдайды.
– Қолөнер бұйымдарының бағасы әртүрлі. Ол әуелі жұмыстың жасалу үдерісіне байланысты болып келеді. Әлбетте, кез келген дүниені істегенде төгілген тер мен табанды еңбектің жайы бөлек. Алайда бағаны аса өзгерткен емеспін. Менің ойымша, жасаған дүниелер қарапайым халықтың қалтасына өте қымбатқа түспеуі керек. Сондықтан қолөнер бұйымдары бес мың теңгеден басталады. Жоғарыда айтқанымдай, баға бұйымның көлеміне және жұмыстың ауырлығына қарай арта түседі. Кей жағдайда тапсырыспен жасатқан кісілер төгілген тер мен уақытты және еңбекті бағалап, миллион теңгеге жуық көлемде ақы төлейтін кездер де болған. Күн сайын болмаса да, орташа есеппен айына үш-төрт тапсырыс қабылдап тұрамын, – дейді шебер.
Оның қолынан шыққан қобыздың келбеті кез келген жанның көз жауын алады. Ал оны қолыңызға алып тартқанда, жүрегіңіз селт ете қалатыны рас. Себебі қобыз аспабынан шыққан үн ішкі жан дүниеңізге ерекше әсер сыйлайды.
Шеберден туындыларын алыс-жақын шетелге шығарғаны не шығармағаны, сауда нарығында бой көрсеткен дүниелері жайында сұраған едік:
– Бұйымдарды таныстыруда еліміздің барлық ірі қаласында болдым. Сондай-ақ жасаған дүниелерім Сауд Арабиясы, Жапония, Түркия, Қытай секілді елдерді «аралап» қайтты. Қызығушылық танытқан шетелдіктер, әсіресе, еліміздің тарихын бір ауыз сөзбен суреттеу үшін діл мен дін бедерленген дүниелерді көп сұрайды. Бастысы қолымнан шыққан заттар көпшілік тарапынан осындай оң бағаға ие болып жатыр. Шебер үшін бұл – үлкен сый, – дейді ол.
Сондай-ақ шебер осы уақытқа дейін шәкірттер дайындады. Оның қолөнерге баулыған балалары қазіргі таңда елімізбен қоса, шетелдерге де танымал болып үлгерді.
Бұдан бөлек, Пахриддин Шәмшідінұлы Қызылорда қаласында «Дәстүр» қолөнер қоғамдық қоры арқылы бірқатар жұмысты атқарады.
– Біз соңғы төрт-бес жылда көптеген облысты аралап, көрме өткізіп келе жатырмыз. Мұндағы басты мақсат – ұлттық салт-дәстүрді қайта жаңғыртып, қазақилық пен құндылықты насихаттау. Сол арқылы қазақтың мәртебесін жоғарылату. Біз «Дәстүр» қолөнер қоғамдық қоры арқылы өзге өңірлерге үлгі болып, жеткен жетістіктерімізді көрсете білдік. Алдағы уақытта Қазақстанның бірнеше аймағында қордың филиалдарын ашу жоспарда бар, – дейді Пахриддин Садықов.
Жаңақорған ауданының перзенті, аға шебері түрлі көрмелерге қатысатынын да тілге тиек етті. Биыл оның «Қолөнерден өнеркәсіпке» атты жеке шығармашылық көрмесі өтті. Оған шебердің қырыққа жуық таңдаулы мүсіндері қойылған. Олардың арасында кәдесыйлар мен ағаш бұйымдар да бар.
– Өмірлік ұстанымым – қазақтың салт-дәстүрін көпшілікке насихаттау. Ұлттық мүддені көтеру, – дейді шебер.
Қорқыт бабамыздан қалған киелі аспапты төрінде ардақтаған, ұлттық өнерді қайта жаңғыртып, көпшілікке кеңінен насихаттап жүрген Пахриддин Садықов секілді шеберлер барда, қобыз аспабынан шыққан үннің де, ұлттық төл өнеріміздің сөнбейтініне сеніміміз мол.
PS. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп адал еңбектің басты құндылық екеніне ерекше назар аударғаны белгілі.
Халқымыздың ұмыт бола бастаған қaзaқ кәciпшiлiгiн қайта жандандыруда ұрпаққа өнеге ретінде салт-дәстүрлер мен қолөнерді сақтап, зергерлерді, суретшілерді және ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласында елеулі жетістікке жеткен қарапайым еңбек адамдарын дәріптеу өте өзекті болып отыр.
Осыған орай, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ «Кәсіби шеберлерді таны» жобасы аясында ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік саласында қажырлы еңбектің арқасында жетістікке жеткен және қарапайым еңбек адамдарын дәріптеуде ұмыт бола бастаған дәcтүpлi қaзaқ кәciпшiлiгiн жандандырып, қоғамға пайдасын тигізген азаматтар туралы мақалалар жариялайды.
Сабина КӘКІМЖАН