Пайғамбарымыздан (с.а.с.) риуаят етілген:«Кімде кім Рамазан оразасын ұстап, артынан Шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, бір жыл бойы ораза ұстағандай болады» (Ибн Мәжә, Сиям, 33 ),– деген хадиске сүйенген мужтахид ғалымдардың кейбірі Рамазан айтының бірінші күнінен бастап Шәууәл айында алты күн ораза ұстауды мұстахап деп тапқан. Бұл нәпіл оразаға жатады. Алайда, Рамазан айында ұсталмаған оразаның қарызын өтеу – парыз. Сондықтан нәпіл құлшылықтан бұрын қарыздан құтылған абзал. Өйткені мұсылман баласы әуелі парыз құлшылықтан сұраққа тартылады. Ал нәпіл оразаны ұстаса сауабы көп, бірақ ол үшін жауапқа тартылмайды. Сондықтан бірінші кезекте парыз болған оразаны ұстаған абзал. Рамазан оразасының қазасын ұстау парыз, ал шәууәл айындағы ораза мұстахап болғандықтан екеуіне бірдей ниет ету дұрыс емес. Екеуін де ұстауға шама жететін болса, екеуін екі бөлек ұстаған артығырақ.
Сонымен қатар, Рамазан айындағы оразаның қарызын келесі оразаға дейін ұстауға рұқсат етілгендіктен кейбір кісілер Шәууәлдағы оразаның сауабынан құр қалмайын деген ниетпен әуелі осы Шәууәл оразасын ұстаса рұқсат. Бірақ, жоғарыда да айтып өткеніміздей, әуелі парызды ұстап, артынан сүннетті ұстау мұстахап, яғни ұнамды болып саналады.