Сұрақ: Ислам өзге дін өкілін өлтіруге қатысты не айтады?
Жауап: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Кім христианды немесе яһудиді ұстанған діні үшін өлтіремін деп серт беріп, кейін оларды өлтірсе, соған жәннаттің иісі бұйырмайды. Расында, жәннаттың иісі қырық жылдық жолдан аңқып тұрады», – деп айтқан (Бұхари).
Егер адам мұсылман мемлекетінінің қамқорлығында өмір сүріп жатқан христианды немесе яһудиді олардың ұстанған діні үшін ғана өлтіремін деп серт беріп, кейін сол сертін орындап, олардың бірін өлтірсе, онда ол адам бұл күнәсі үшін жәннәттің иісінен мақұрым қалады екен. Бұл хадис адам өлтірген кісінің жәннатқа кіре алмайтыны туралы айтып отыр. Мұсылман емес адамды әдейі өлтірген кісінің жазасы осындай болса, онда мұсылманды өлтірген адамның жазасы қандай болмақ?!
Дәл осы мағынаға келетін хадисті имам Термезидің риуаятында мынадай қырынан көреміз:
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұсылмандар қамқорлығында өмір сүріп жатқан христиан немесе яһуди – Алланың және Оның елшісінің қамқорлығында болады емес пе?! Кім бұларды ұстанған діні үшін өлтіремін деп сөз беріп, кейін сол үшін өлтірсе, онда ол Алланың қамқорлығын бұзғаны. Ол адам жәннаттың иісін искемейді. Расында жәннаттың исі елу жылдық жолдан мүңкіп тұрады», – деген.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,
дінтанушы
Әрине, дүниедегі ең қымбат нәрсе – адамның өмірі. Сондықтан ол адам қандай діннің, ұлттың өкілі болмасын өлтіруге болмайды!
Малдың өзін әдеппен сояды ғой. Ал адамның өмірін қимақ түгілі, тілмен де, қолмен де зиян тигізуге тыйым салынған.