Бауыздалған мал етіадал болу үшін төмендегі үкімдерді сақтау қажет:
1) Бауыздар алдында «Бисмилләһи, Аллаһу акбар!» деп, Алла атымен бастау шарт;
2) Мал бауыздайтын адамның ақыл есі түзу мұсылман немесе кітап иесі (християн немесе яһуди) болуы. Кітап иесі бауыздаған кезде Алладан өзгенің атын атамауы шарт;
3) Бауыздалатын малды құбылаға қарату сүннет;
4) Өткір пышақпен бауыздау мұстахап.
Ескерту: Бауыздау – малдың (сиыр, қой, ешкі) алқымынан, күре тамыр мен кеңірдектің кесілуімен орындалады (зәбх). Түйе малы кеудесінен жоғары тұсынан бауыздалады. Оны – «нахр» дейді. Бауыздаушы адамның балиғат жасына толуы шарт емес. Жақсы мен жаманды ажырата алатын жаста болса жарайды. Сондай-ақ, ер немесе әйел адам болуында да айырмашылық жоқ.
Бауыздайтын пышақты сойылатын малдың көзінше қайрамаған жөн.
Ханафи мәзһабы бойынша «Бісміллә» әдейілеп айтылмай бауыздалған малдың еті арам болып саналады. Алайда, «Бісмілләны» ұмытып айтпаған жағдайда адал болып есептеледі.