«Уақыф» – Ислам дінінің қайрымдылық жасау жолдарының бірі. Уақыф-тың сөздікте «қамау» мағынасына келеді, ал терминдік мағынасына келсек, Имам Әбу Ханифа «бір мүлікті егесінің меншігінен шығармай, келген пайдаларын белгілі бір мақсатта қайырымдылыққа беру» деп түсініктеме берген [1].
Уақыф – жылжымайтын мүліктерден берілгені абзал. Жылжымалы мүліктердің уақыф ретінде берілуі құп көрілмейді. Имам Мұхаммед балта, кетпен, ара, қазан, табыт, кітаптар және Құран сияқты ел арасында әдет-ғұрып негізіндегі жылжымалы мүліктердің де уақыф болатынына үкім берген. Алайда, халық арасында уақыф жасалуы әдетке айналмаған (киім және басқа да тауар) жылжымалы мүліктерге уақыф жасалмайды. Ханафи мәзһабындағы пәтуа имам Мұхаммедтің пікіріне қарай шығарылған.
Қоғамның пайдасына аса қажетті деген мүлік (біздің заманымызда авто көлік, тұрғын үй) және аң аулап күн көретін қоғам үшін қару-жарақтарды уақыф етіп беру абзал болған амал. Белгілі бір қорға Уақыф – деп берілген мүлік сатылмайды және басқа біреудің меншігіне мүлік ретінде берілмейді.
Уақыф етуші тараптан шарт етілмесе де уақыф етілген мүліктің құлап, қирап немесе бұзылып қалмауы үшін түскен пайда ең алдымен оны жөндеу жұмыстарына бөлінеді. Дәулетті адам бұл шығындарды кедейлердің шығынынан емес, өз қаражатымен өтейді. Екінші бір уақыф жасалған мүліктен келген қаражатпен де бұндай істер жүзеге асады.
Уақыф жасаған бір мұсылман, жасалған уақыптың қаржысы мен садақа берілетін кісілерді білуіне және араласуына рұқсат етілген.
Уақыптың басшысы «Мутауалли» сенімді болмаса, қамқорлар кеңесі немесе сот оны қызметінен босатуға және орнына сенімді біреуді тағайындай алады. Мешіт салдырған адам оның жолын өзінің жерінен бөліп, ішінде адамдардың намаз оқуына рұқсат бермейінше, ғимарат оның өз меншігінен шықпайды. Яғни, уақып жасалмаған болады.
Бір адам мұсылмандар үшін су орнын, жолаушылар үшін қонақ үй, керуен сарай немесе хауыз құрса, құдық қазса, өз жерін зиратқа немесе жолға берсе, қазының шешімі болмайынша немесе қайтыс болғаннан кейін уақыф деген өсиеті болмайынша уақыф етілмейді. Сонымен қатар, екі кісінің меншігіндегі мүлік де «уақыф» болмайдай уақытша да болмайды. Науқас кезде жасалған уақыф өсиет ретінде саналады. Уақыф болған керуен сарай мұқтаждық болмаса, оның уақыфы оған ең жақын керуен сараймен біріктіріледі. Мешіт және жанында көпшілікке тиесілі жол болса, мешіт жолға қарай ұзартылады. Жол тар болса, мешітке қарай ұзартылады.
Пайғамбарымыз, өзінің бір хадисінде: «Пенде бақилық болғанда үш амалынан басқа амалының сауабы тоқтайды: 1) жария садақа, 2) (қоғамға) пайдалы ілім, 3) өзі үшін артынан дұға ететін салихалы ұрпақ»[2], – деп бұйырған.
Хадисте айтылған «жария садақа» мүлкін уақыф ету арқылы жасалатынын білдірген. Жол, көпір, тұрғын үй салдыру, қоғамның пайдасына жарамды пайдалы істердің барлығы да «садақа жария» болады [3].
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
[1] Есед Мұхаммаед Сайд ес-Сағиржи, Дәлелдері мен Ханафи фиқығы, б.995.
[2] Нейлулу л-Афтар 5/26
[3] Мәусили, Мәтнул Мухтар шәрхул ихтияр б. 156.
Бердалиев Исатай