Сұрағыңызға рахмет! Прививка – қазақ тілінде екпе деп аталып жүр. Екпе жасау қаншалықты пайдалы деген сұрақ, қазіргі таңда ең көп талқыланып жатқан мәселе десек те болады. Екпе жасау дұрыс емес дейтіндердің біраз бөлігі, бұл қарсылығы шариғатпен тікелей қатысы барын айтады. Сондай қарсы тараптың көп қолданатын ұрандарының бірі: – «Ислам екпе жасатуға тиым салады», «Екпе жасату Тағдырға қарсы шығу», «Вакцинация шайтанның зәрі»және т.б. Ал, медицина саласының мамандары ғылыми тәжірибелерге сүйеніп, екпе жасату дұрыс әрі қажетті шаруа дейді.
Екі тарап та түрлі аргумент, дәлел келтіріп жатыр. Медициналық терминдерді түсіне бермейтін, діннің талаптарын енді орындай бастаған адам үшін, екі жақтың таласы түсініксіз талас. Сондықтан да мен, медицинаның соңғы жаңалықтары мен шариғаттың негіздеріне сүйене отырып «екпе жасау керек пе, жоқ па» деген сауалға жауап беріп көрейін.
Біздің ағзамыз жұқпалы ауруларға екі жолмен қарсы тұра алады.
Оның біріншісі – белгілі бір ауру түрімен ауырып, жазылып кету. Бұл кезде біздің ағзамыз әлгі ауруды есінде сақтап қалады да, ендігіде сол дертпен қайта ұшырасып қалса, организм арнайы антитела дейтін бөлшектерді бөліп, адам ол аурумен ауырмайды. Алайда, бұл ауырлау жол. Егер, ағза дер кезінде әлгі антитела-ларды бөлмесе, адам мүгедек болып қалуы немесе дерті өліммен аяқталуы мүмкін. Мәселен, сіреспе ауруын тудыратын бактериялар болады. Ол адам организміне енген бойда, өте улы токсиндерді шығара бастайды. Бұл у адамның жүйке жүйесін әсер етіп, науқастың аяқ-қолы сіресіп, тыныс ала алмай қалады. Сіреспе ауруымен ауырған әрбір 4-ші адам өледі.
Екінші жол бар – ол екпе жасау. Адамның азғасына әбден әлсіреген немесе жартылай өлтірілген аурудың бактериялары егіледі. Мәселен, түберкулезге қарсы егілсе адам, ол кісі ауырмайды. Бірақ ағзасы өкпе құртына қарсы антитела өндіріп шығара бастайды. Адам болашақта түберкулезбен ауыратын кісімен ұшырасып қалса да, ауырмайды. Мұның сыры неде дейсіз бе?
Әлгі жартылай өлтірілген бактериялар, адам ағзасына егілгенде, дене оларды тірі ауру деп қабылдайды да, көп көлемде сол аурумен күресетін бөлшектерді жібереді. Әлгі бөлшектер, жартылай өлген бактерияларды әп-сәтте жәукемдеп тастайды. Әлсіз ауруды жеңіп, біраз тәжірибе алған, күшейіп алған антитела, адамның денесінде мәңгілікке қалады. Бұл бөлшектер бар кезде, адамға ауру қауіп төндіруден қалады.
Қасиетті Құранда һәм пайғамбарымыздың сүннетінде вакцинацияға анық тиым салынбаған. Керісінше, аурумен күресудің бұл тәсілін қолдаған көптеген дәлел-дәйектерді табуға болады.
Осыдан 16 ғасыр бұрын өмір сүргендер, бүгінгінің адамдары ауырып жатқан дерт-науқасты білмейтін. Себебі қазіргі аурулардың көбісінің пайда болуына нашар экология, қоғамдық көлік, қоғамдық тұтыну орындары себеп болып жатыр.
Құран мен пайғамбар сүннетінде – аурудың алдын алуға қатты көңіл бөлген. Тиісінше, вакцинацияға қарсы тараптың шариғаттан алдық деп, келтіріп жүрген дәлелінің барлығы бос сөз.
“ Егерде Раббың қаламаса олар ондай әрекеттерге бармас еді. ” (Құран 6:112).
Аурудың алдын алу Жаратушының белгілеп қойған тағдырына қарсы шығу деп жүргендердікі орынсыз. Себебі бұлай айтатындар, Құранның анық аяттарына қарсы келуде. Себебі жер бетіндегі ешнәрсе Алла Тағаланың қалауынсыз болмайды.
Медицина ғылымындағы соңғы жетістіктер талай жылғы тәжірибенің арқасы ғана емес, бұл Алланың өз құлдарына жасаған қамқорлығы:
«Егер мен ауырсам, Ол (Алла) мені аурудан айықтырады…» (Құран 26:80)
«Алла барлық ауруға шипаны қосып жаратқан» (Әбу Һурайрадан жеткен хадис) Ал имам әл Бухари мынадай хадистің барын айтады: «Медицина аурудан айығуға көмектесер құрал». Тағы бір хадис бар: «Ауруды жаратқан, сол ауруға емді де қоса жаратқан еді», бұл хадисті де Әбу Һурайра жеткізіпті бізге. Мұнан да бөлек, сахих хадистердің барлығында, ауру бар болса, сол аурудың емі де бар деген сөздер айтылған. Сондықтан да, адамның өміріне медицина араласпауы (вакцинацияны қоса айтып отырмыз) керек деген сөз, барып тұрған антұрғандық, адасу.
Имам Муслим жеткізген осы хадисте, Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтты: «Барлық ауруға дәрі бар. Дәрі ауруға дәл келсе, Алла ол кісіні айықтырады». Пайғамбарымыз аурудан емделуге дәріні қолдануға рұқсат берген дейді.
«Алапеспен ауыратын адамнан арыстаннан қашқандай қаш» (Әбу Хурайра жеткізді). Егер, осы хадисті жақсылап оқысаңыз, аурудың алдын алуға, жұқпалы дертке шалдықпаудың бар қамын жасауға шақырып тұр. Хадисте: «Белгіленген тағдырың орнауы үшін, алапес адаммен отыр» делінбеген. Дәл осындай тағы бір хадис Усама ибн Зайд жеткізеді; «Қандайда бір жерде жұқпалу ауру тарады дегенді естісеңдер, ол жаққа бармаңдар. Егер оба ауруы сендер тұрған жерде тарай бастаса, ол жерден кетпеңдер». Бұл хадисте – аурудан абайла және ауру басқа жаққа таралып кетпесін деген ескертулер жатыр.
«Кім аджуа дейтін құрманы таңғы асқа жетеуін жесе, оны сол күні у алмайды әрі сиқырлық оған өтпейді.» Бұл хадис – 7 құрманы қабылдау арқылы аурудың алдын алуға шақырып тұр.