Хикметут-ташриға (шариғаттың хикметі) – діни үкімдердің себептері мен сырларын паш ететін, сондай-ақ, иләһи бұйрық пен тыйымдардың хикметін ұғындыратын, діни қағидалар мен әдіснамалардың философиялық қырын түсіндіріп беретін, әрбір шариғи үкімнің түпкі сырын таратып түсіндіретін ілім.
Мұсылмандар хикмет-ут-ташриға (шариғаттың хикметі) ілімі арқылы діни үкімдердің ішкі мәнін ақылмен түсініп-біле алады.
Исламдағы фиқһ ілімінің теория-методологиясының ең маңызды тақырыптарының бірі саналатын хикметут-ташриға (шариғаттың хикметі) ілімі арқылы Жаббар Хақ жарлықтарының игілігін танып білуге болады.
Жалпы, әһлі-сүннет мектептерінің ішіндегі әшғарилердің пікірінше Алла Тағала хикметсіз де діни үкімдер шығарады. Сол себепті, әшғарилердің салт-санасында діни үкімдерден хикмет іздеу үрдісі қалыптаспаған.
Ал, матуридилердің пайымдауынша Алла Тағаланың әрбір үкімі ашық және құпия хикметтерге тұнып тұрады. Сондықтан, матуридилер діни үкімдердің хикметтерін танып білуді алдыға шығарады.
Әсілі, хикмет-ут-ташриға ілімі фиқһ ілімінде «мақасадус-шариға» (шариғаттың мақсаттары), «маслахат» (игілік), «хиланатут-ташриға» (шариғат сыр-хикметтері) деп те айтылады. Бұл «мағрипати хикемиш-шарм» (шариғаттың хикметтерін танып білу) ілімі фиқһ іліміндегі маңызды тараулардың бірі саналады.
Исмайыл Измирли секілді ғұламалардың айтуына қарағанда хикметут-ташриға (шариғаттың хикметі) арқылы ғана діни үкімдер ұсынған иләһи сыр белгілі болады. Яғни, діни үкімдердің әсемдігі, бұйрықтар мен тыйымдардың және сый мен жазаның хикметтері айшықталады. Иләһи үкімдер хикметут-ташриға арқылы өзінің кетігін тауып, әдемі кейіпте әдіптеледі.
Шынында да, бұл ілім арқылы күмәндар сейіледі, шүбәлар ізім-ғайым жоғалады, нақыл мен ақыл жымдасып, дінге деген қалтықсыз сенім пайда болады, шатысқан ойлардың күрмеуі ағытылады, мұсылман әрбір діни үкімнен муғжиза көріп, әрбір бұйрық пен тыйымды ынты шынтымен атқаратын болады.
Жаббар Хақтың Құран кәрімдегі: «Сақ болыңдар! Жарату және бұйрық беру Оған тән. Өте жоғары Алла, бүкіл әлемнің Раббы» (Ағраф, 54) деген кәлимасының қадірін жете түсініп, иләһи әмірлерді соқыр сеніммен емес, саналы түрде жан-тәнімен жүзеге асырады.
Ұлы Жаратушы түзген болмыстағы заңдылықтардың сенімдік негіздерін мутәкаллимдер (ақида мамандары) талдап түсіндірсе, құқықтық сипатын фуқаһалар (заңгер-құықтанушы) саралап айтып береді. Ал, мухсиндер (Алланың үкімдеріне ынта-ықылас қоюшы) иләһи үкімдерді толық меңгеріп, сыр-хикметін түйсініп, оны байыпты һәм көркем түрде басынан кешіреді. Яғни, шариғаттың хикметін маңдайдағы қос көзбен көре алмаймыз. Оны жүрек көзі ашылғандар ғана нық сезіне алады.
Жалпы, хикметут-ташриға ілімі туралы Имам Ғазалидің «Ихия-улумуддин», Имам Шатифидің «Әл-Мубақат», Әбу Абдуллаһ Мұхаммед б. Абдурахман әл-Бухаридың «Мәхасануш-шаритул-ислам», Шах Уалиаллаһ Дехлебидің «Хуссаттуллаһи-л балиға», Мулла Фанаридің «Фусулии’л-бәдий», Ибн Арабидің «Футуһатии-Мекке», Исмайл Измирли «Жауадис-сәдид фи бәйани дини-тәухид» және т.б. классикалық шығармаларда кеңінен баяндалған.
Мұхан ИСАХАН