Сұрақ: «Шапағат» дегенді естідік, ал енді «Ұлы шапағат» дегеніміз не?
Жауап: Пайғамбар (с.ғ.с.) қиямет күнінде бір мәрте емес, бірнеше рет шапағатшы болады. Әуелгісі, «шафағату әл-кубра» немесе «шафағату әл-узма» (үлкен шапағат немесе ұлы шапағат) деп аталады және бұл барлық адамдарға арналады. Алла елшісінің (с.ғ.с.) риуаятына сәйкес Алла Тағала қиямет күнінде барлық адамдарды бір жерге жинайды. Олар маһшар алаңында ұзақ уақыт төбелеріне төніп тұрған күннің астында тұрады. Адамдар ол күннің астында қайғы мен уайымнан әбден аянышты күйге түседі. Содан соң олар: «Алланың құзырында сөзі тыңдалатын біреуді тауып, ол біздің жағдайымызды, уайым-қайғымызды Алла Тағалаға жеткізсе, Раббымыз бізді бұл қиындықтан құтқарса ғой», – деп айтады.
Сөйтіп адамдар өздері үшін Алладан шапағат сұрасын деп Адам пайғамбарға, Нұх пайғамбарға, одан соң Ибраһим, Мұса және Иса пайғамбарларға барып олардан шапағатшы болуын өтінеді. Алайда олар да хазіреті Адам (а.с.) секілді өз жағдайларын түсіндіреді. Ең соңында Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) келеді. Міне сол кезде Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Алла Тағаланың құзырына шығып, Одан адамдардан есеп-қисапты бастауды өтінеді. Осыдан кейін ғана есеп-қисап, яғни сұрақ-жауап басталады.
Алла елшісінің (с.ғ.с.) адамдарға қатысты шапағатшы болуын Құранда «Мақам-Махмуд» (мақтаулы мақам) деп аталады. (Бұһари, Әнбия 3, Тәфсир 2/1; Термези, Тәфсир, 2/1; Мүслим, Иман 320).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ