«Шапағат» сөзі – қамқоршы, араға түсу, жәрдем ету сынды мағыналарды білдіреді. Ал, діни терминологияда ақырет күні Алла Тағаланың рұқсатымен Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың және басқа да иманды жандардың өзге бір күнәлі адамның жәннатқа кіруіне көмектесуін білдіреді. Яғни, шапағат – күнәлі адам баласы үшін Алланың жеңілдігі әрі рахымы.
Шапағат мәселесінің хақ екендігін Әһлу сүнна уәл жәмәға ғалымдары бір ауыздан келіскен. Бұл туралы имам Әбу Ханифа: «Жәннаттық әрбір мұсылмандарға, тіпті, ауыр күнә жасағандарға да Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) шапағаты тиері хақ» [1] деген. Ал, Мүғтазила және харижит ағымдарының сенімі бойынша, ауыр күнә жасап, тәубе етпегендер мәңгі тозақта қалады. Оларға шапағат етілмейді. Шапағат күнәсі болмаған немесе күнәсына тәубе еткен жандардың жәннаттағы мәртебелерінің өсуі үшін жасалады [2].
Қиямет күні Алла Тағала қалаған адамдар ғана шапағат ете алады. Қасиетті Құранда: «Оның (Алланың) дәргейінде рұқсатынсыз біреу үшін шапағат етіп, ара түсе алатын кім бар?» («Бақара» сүресі, 255-аят) делінсе, Алланың құзырында қадір-қасиеті болған өзге де адамдарға шапағат ету мүмкіндік берілетіндігі хадистерде зікір етіледі.
Бір хадисте: «Ақиқатында, қиямет күнінің жақындығынан адамнан аққан тері құлақтың майлығына дейін жетеді. Сол уақытта адамдар Адамға (ғ.с.), содан кейін Мұсаға (ғ.с.), содан кейін Мұхаммедке (с.ғ.с.) барып дәнекер болып дұға етуін сұрайды. Адамдарға үкім шығарылып жатқан кезде, әуелгі болып Мұхаммед (с.ғ.с.) шапағат етеді және шапағат еткен адамы жәннәт есігінің тұтқасын ұстағанға дейін бірге барады. Сол күні Алла оны (с.ғ.с.) мақтаулы мақамға көтеріп, жиналғанның бәрі оған (с.ғ.с.) мадақ айтады» [3] делініп, ең әуелі шапағат ету мүмкіндігі пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) берілетіні айтылған.
Сондай-ақ, өзге де шейіттердің, Құранның, адамның дүниеде жасаған ізгі амалдарының, хафыздардың (Құран жаттағандар), ата-ана мен балалардың бір-біріне шапағат етуі жайлы көптеген хадистер келген.
Тіпті, бір иманды жанның бір әулетке, бір халыққа шапағат ететіндігі туралы риуаяттарды да кезіктіреміз. Бұхариде келген бір хадисте: «Әлбетте, үмметімнен жетпіс мыңы немесе жеті жүз мыңы (Әбу Хазим қайсысын айтқанын білмейді) бірін-бірі ұстап жәннәтқа кіреді. Олардың алдыңғылары соңғылары кірмейінше кірмейді. Жүздері ай туған түнгі айдың суретіндей жарық болады» [4] делінген.
Имани жақындықтың, өзара сыйластықтың құрметі үшін қияметтің қиын сәттерінде Алланың қалауымен жанашыр жандар бір-біріне шапағат етуі – күнәнің кешірілуі, жәннаттағы жоғары мақамдарға көтерілуі екендігін түсіндік.
Адам баласының бұл өмірде Алланың разылығын алу мақсатында жасаған істерінің нәтижесін ақыретте көруі болып табылады. Яғни, адамның өмірдегі бала-шағасы, байлығы, мансабы және өзгелермен болған сыйластығы Алланың разылығын алу жолындағы себептер ғана. Оның қияметтегі нәтижесі, адамның жәннәтқа тікелей кіруімен болуы мүмкін немесе біреудің себепкерлігімен, шапағат етуімен болуы мүмкін. Міне, осы тұрғыдан адамның бұл дүниеде Алла разылығы жолында жұмсаған қажыр-қайратын – тәуәссул десек, оның нәтижесі – қияметте шапағат болып көрініс табады.
Қорыта айтар болсақ, өмір бойы ізгілікті ту етіп бір қоғамда, бір шаңырақтың астында сыйластықпен ғұмыр кешкен жандарға берілетін сый-сияпат екі дүниеге де тән.
Бұл дүниемен ғана шектеу имани түсінікке сай келмейді. Мына «жер шары» атты қара шаңырақтың астында игілікті істерде тілеулес болып, бірге өмір сүріп жатқан адам балаларының бақытты болуын осы дүниедегі қысқа өмірмен өлшеп қою ақылға сыймас. Мұндай тар түсінікті ислам дінінің құптамасы да анық.
Сондай-ақ, шексіз рахым Иесі Раббымыз адам баласын әу баста мейіріммен жаратып, мейірімге бөленудің сансыз жолдарын көрсетіп қойған. Жанашырлықтың мәніне жетіп, өзара жанашыр бола білген жандар екі әлемнің қиын сәттерінде Алланың қалауымен бір-біріне шапағатшы болып, ауыртпалықты бөлісе алмақ!
Самет Оқанұлы,
исламтанушы
[1] Мұхаммад әл-Бабурти, Шарху уасияти Әби Ханифа, 137-бет.
[2] Самет Оқанұлы, Матуриди сеніміндегі таңдаулы тақырыптар, 134 б.
[3] Бұхари, 2-м, 536-бет. 1405-хадис.
[4] Бұхари, 3247, 6543, 6554; Мүслим, 373-хадис.