Сұрақ: Шәкірттің әдеп ережелері қандай?
Жауап: Білім алу мен білім берудің этикалық талаптары мен ережелері ерте заманнан қалыптасқан. Тіпті пайғамбардан (с.ғ.с.) Құран аяттарын үйрену үшін мешітке келген сахабалар дәуірінен де байқаймыз.
Мұсылман ғалымдары этика, әдеп ережелеріне қатысты көптеген шығармалар жазды. Мұнда сарайдағы патшадан бастап, медреседе тәлім алатын шәкіртке дейін қамтыды. Мысалы, «Бидаяту әл-һидая» атты кітапта білім алғысы келетін шәкірттің бойында болуы тиіс сипаттар санап көрсетіледі. Ол жерде шәкірттің әдептілігі мен көркем мінезділігіне жоғары мән берілген:
«Шәкірт ұстаздың қасына рұқсат сұрап және сәлем беріп кіреді. Оның қасында аз сөйлейді. Ұстаз сұраса жауап береді, оның сөзіне қарсы ауыз ашпайды. Қасындағы шәкірттермен әңгімеге алданбай, дәріске көңіл бөледі. Ұстаз аулаға шығу үшін орнына тұрған сәтте, ол да орнынан тұрады. Ұстазына ренжіген шәкірттің алдында, ол жайында сөз айтылмайды, ұстазды жамандамайды. Шәкірт ұстаз хақында үнемі жақсы ойда жүруі керек».
Бүгінде білім беру ордаларында қолданылып жүрген мүғалім мен шәкірт, оқытушы мен студент арасындағы этикалық ережелер өз бастауын исламдық немесе христиандық діни білім беру әдістерінің тұжырымдамаларынан алады дегеніміз дұрыс шығар. Өйткені, ол уақыттарда білім ордалары негізінен мешіттер мен медреселер, арнайы діни семинариялар болған.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ