Сұрақ: Шайтанның жүретін жерлері қандай?
Жауап: Әжетханаға кірерден бұрын Алланың атымен шайтанның азғыруынан сақтану керек. Өйткені, ең лас жерлер – жын-шайтанның орны. Осындай жерлерде адамды азғырып, зарар беруге тырысады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әжетханаға барардан бұрын: «Аллаһумма иннии аъуузу бикә минәл-хубси уал-хабааис», – деп айтатын болған.
Жындар жер бетінің барлық жерінде дерлік жүреді. Алайда, олар көбіне елсіз, түзсіз жерлерде, лас, қоқыс орындарда, монша, мазарстанда жүреді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) лас жерлерде, моншаларда құлшылық қылуға тыйым салған.
Олардың мазарстанда жүрулерінің мақсаты – аруақ кейпінде келіп адамдарды адастыру. Сондай-ақ, хадистерде шайтанның базарларда жүретіндігі айтылған.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабасы Салман (р.а.) былай дейді: «Мүмкін болса, базарға бірінші болып келмеңдер, соңғы болып шықпаңдар. Өйткені, ол жер – шайтанның майданы. Ол сонда туын тіккен» (Мүслім риуаяты).
Шайтандар, сондай-ақ, тұрғын үйлерді де мекендейді. Алланың аты аталса, ол жерден қашып шығады. Мүслім риуаят еткен хадисте Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адам үйге кірерде Алланың атын атағанда шайтан өзінің достарына: «Бүгін біз түнейтін орын жоқ», – деп шығып кететінін айтқан.
Шайтандардың жүретін тағы мекені – көлеңке мен жарықтың арасы. Сондықтан да Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жартылай көлеңкеде, жартылай күнде отыруға тыйым салған.
Бір хадисте Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Есектердің ақырған даусын естісеңдер, Алланың атымен шайтаннан сақтаныңдар, өйткені олар шайтанды көрді, ал әтештердің шақырған даусын естісеңдер, Алла Тағаланың кеңшілігін сұраңдар, өйткені олар періштені көрді».