Сұрақ: «Шафағату кубро» дегеніміз не нәрсе?
Жауап: Пайғамбар (с.ғ.с.) қиямет күнінде бір мәрте емес, бірнеше рет шапағатшы болады. Әуелгісі, «шафғату кубра» немесе «шафғату узма» (үлкен шапағат немесе ұлы шапағат) деп аталады. Бұл шапағат барлық адамға арналады.
Алла елшісінің (с.ғ.с.) риуаяты бойынша, Алла Тағала қиямет күнінде барлық адамды бір жерге жинайды. Олар маһшар алаңында ұзақ уақыт төбелеріне төніп тұрған күннің астында тұрады екен. Ол күннің астында қайғы мен уайымнан әбден аянышты күйге түседі. Содан соң адамдар: «Алланың құзырында сөзі тыңдалатын біреуді тауып, ол біздің жағдайымызды, уайым-қайғымызды Алла Тағалаға жеткізсе, Раббымыз бізді бұл қиындықтан құтқарса ғой», – дейді.
Алдымен Хазіреті Адамға (а.с.) барады: «Сен біздің әкемізсің. Алла Тағала саған көптеген нығметтер берді. Раббыңның құзырына барып, бізге шапағатшы болшы, бізді мына қиын жағдайдан құтқар», – деп өтінеді. Алайда, Хазіреті Адам (а.с.) өзінің де қиын жағдай тұрғанын айтады. Жұмақта жап-жақсы өмір сүріп жүрген жерінен Раббысының бұйрығына құлақ аспай, тыйым салынған ағаштың жемісінен дәм татқаны үшін жұмақтан қуылғандығы туралы айтып береді. Шапағатшы болуды өтінген адамдарға Алланың құзырына шығып, шапағат сұрауға батылдығы жетпейтінін түсіндіріп, Нұх пайғамбарға баруларына кеңес береді.
Адамдар Нұх пайғамбарға, одан соң Ибраһим, Мұса және Иса пайғамбарларға барып, олардан шапағатшы болуын өтінеді. Алайда, олар да хазіреті Адам (а.с.) секілді өз жағдайларын түсіндіреді. Ең соңында Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) келеді. Міне, сол кезде Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Алла Тағаланың құзырына шығып, Одан адамдардан есеп-қисапты бастауды өтінеді. Осыдан кейін ғана есеп-қисап, яғни сұрақ-жауап басталады.
Алла елшісінің (с.ғ.с.) адамдарға қатысты шапағатшы болуын Құранда «Мақам-Махмуд» (мақтаулы мақам) деп аталады. (Бұһари, Термези және Мүслим)
Әдетте азан шақырылған соң оқылатын дұғадағы: «Аллаһым, уәде етілген «Мақам-Махмұдты» Мұхаммедке бере гөр!» – деп айтылатын сөз жоғарыда көрсетілген (мақтаулы мақамды) білдіреді (Бұһари).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ